Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2,3 млрд долларға жетті

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2,3 млрд долларға жетті

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық байланыс нығайып келеді. Биылғы бес айда екі елдің тауар айналымы 37 пайызға өсіп, 2 миллиард 300 миллион долларға жетті. Бұл туралы Ақтауда өткен Қазақстан мен Өзбекстанның Бірлескен үкіметаралық комиссиясының 23-отырысында айтылды. Аягөз Оралбайқызы тарқатады.

Соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан жалпы құны 227 миллион доллар болатын 15 бірлескен жобаны іске асырды. Соның нәтижесінде 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Алда тағы 80 жобаны жүзеге асыру көзделген. Былтыр екі ел арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалы 16 пайызға өсіп, 32,3 миллион тоннаға жетті. Енді оның көлемін ұлғайту үшін теміржол дәліздерінің өткізу қабілетін 35 миллионнан 60 миллион тоннаға дейін арттыру үшін жоспар әзірленді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Біздің мақсатымыз - мемлекет басшылары айқындап берген барлық міндеттерді толық жүзеге асыру. Өзбекстан дәстүрлі түрде Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі саналады. Оған еліміздің Орта Азия мемлекеттерімен жалпы тауар айналымының шамамен 55%-ы тиесілі. Алайда, біздің алдымызда екіжақты тауар айналымын 10 млрд долларға дейін жеткізу міндетінің тұрғаны мәлім. Мақсат ауқымды болғанымен, қалыптасқан әлеуетті ескере отырып бұған қол жеткізу әбден мүмкін.

Жиында екі ел үкіметтерінің алдағы жұмысының басым бағыттары айқындалды. Тараптар сауда-экономикалық байланысты нығайтумен қатар, көлік-логистикалық жобаларды, өнеркәсіптік кооперацияны және өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті.

Абдулла Арипов, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі:

Биыл мемлекет басшыларының Бұхара, Астана және Түркістан қаласында өткен кездесуі аясында екі елдің үкіметтеріне ынтымақтастықты кеңейту жөнінде нақты міндеттер жүктелді. Тапсырмаларды орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға дайынбыз. Бүгінгі келіссөздер сауда, инвестиция, өнеркәсіп, көлік, өңіраралық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеріне сенімдімін.

Құны 80 млрд теңгеден асатын коммерциялық құжатқа қол қойылды

Бұдан кейін премьер-министрлер Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері басшылары кеңесінің отырысына қатысты. 300-ден астам кәсіпкер бас қосқан жиында өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық берілді. Тараптар «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын дамыту мәселесін талқылап, Маңғыстау мен Түркістан облыстары, Шымкент қаласы және Өзбекстанның Жызақ, Сырдария, Ташкент облыстары арасында бірқатар келісімге қол қойды.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі:

Түркістан облысы Ташкент облысымен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Одан бөлек мына Самарханд облысымен Бұхара, Хиуа өңірлерімен келісім шартқа келдік. Бауырластық орнаттық. Бірінші бағытта біз туризм мәселесін дамыту бойынша. Түркістан әлеуетін ескере отырып, біз ет саласында жұмыс жасап жатырмыз. Оған қоса біз балық шаруашылығын дамытып жатырмыз, Өзбекстан компаниясы бізге келіп, инвестиция салып жатыр.

Ал Маңғыстау - Каспий арқылы халықаралық транзиттің негізгі қақпасы саналады. Бүгінде облыста Өзбекстанмен бірлескен 1800-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Өңірде 8 мыңға жуық Өзбекстан азаматы тұрады.

Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облысының әкімі:

Былтыр 2025 жылы Маңғыстаудың өзі алдыңғы жылмен салыстырғанда 2024 пен жүк айналымы екі мемлекет арасында 62 пайызға өсті. Жақын арада бір аптаның ішінде біздің 12 бизнесменіміз Ташкентке барып, тағы да қосымша келіссөздер жүргізетін болады. Бұл тоқтамайтын процес.

Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері арасында бірқатар меморандумдарға және жалпы құны 80 миллиард теңгеден асатын коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Бұл келісімдер екі елдің сауда-экономикалық байланысын нығайтып, тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.


Бөлісу