Басты Жаңалықтар Халық денсаулығын қорғауға бағытталған кешенді шаралар қаралды

Халық денсаулығын қорғауға бағытталған кешенді шаралар қаралды

Соңғы он жылда жазатайым оқиғалардан болатын өлім-жітім шамамен екі есеге азайған. Ал жол-көлік оқиғаларынан болатын қаралы оқиғалар соңғы  үш жылда 14%-ға төмендеген. Десе де жарақаттанудың алдын алу мәселесі әлі де өзекті. Осыған байланысты Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиында елімізде 260  медициналық ұйым, 41 трассалық медициналық-құтқару және 8 тірек пункті жұмыс істеп тұрғаны баяндалды.  Бірақ қолданыстағы инфрақұрылымды  жетілдіру қажет. Осы мақсатта барлық  өңірде травматологиялық орталықтар ашу  жоспарланып отыр. Биыл  мұндай орталықтар Астана, Алматы, Қарағанды және  Балқаш қалаларында іске  қосылды. Сондай-ақ 210  шокқа қарсы кабинет Trauma room  форматына жаңғыртылып, медицина  қызметкерлері  Эй-Ти-Эл-Эс халықаралық бағдарламасы  бойынша даярлықтан өтеді. 

Бұдан бөлек апат  қаупі жоғары жол  учаскелерінде 69 жаңа тірек пункті мен туристік аймақтарда 60 маусымдық медициналық пункт ашу ұсынылды. Бұл медициналық көмектің жедел көрсетілуіне  мүмкіндік береді. Жиында жол қозғалысы  қауіпсіздігін арттыру,  интеллектуалды бақылау  жүйелерін енгізу және жүргізушілерді даярлау сапасын жетілдіру мәселелері  де талқыланды. Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және  ақпарат министрі Аида Балаева ұсынылған шараларды кейінге қалдыруға болмайтынын айтып, жарақаттан болатын адам шығынын азайтуға арналған ведомствоаралық  іс-қимыл алгоритмін  қысқа  мерзімде әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар алғашқы шұғыл медициналық көмектің, әсіресе халық көп  жиналатын орындарда қолжетімді болуын қамтамасыз етуді  міндеттеді. Отырыста салауатты өмір  салтын қалыптастыру мәселесі  де қаралды. Осыған байланысты Аида Балаева әкімдіктерге салауатты өмір салтын насихаттайтын өңірлік үйлестіру кеңестерін құруды және халыққа арналған ақпааттық-түсіндіру жұмыстарының онкүндігін шұғыл бастауды тапсырды.


Бөлісу