Жошының басты қаруы қылыш емес, мәміле болды
Дешті Қыпшақ өлкесі Жошыға еншіге берілді. Осылайша Жошы ұлысының тарихы басталды.
Парсы және араб жылнамаларында Жошы күш қолданудан гөрі мәмілені жоғары қойған көреген билеуші ретінде сипатталады.
Жошы өзі бағындыруға тиіс аймақтардың гүлденген күйінде сақталуын қалады. Ол қалалардың қиратылуына үзілді-кесілді қарсы болды. Өйткені бұл жерлерді өз ұлысының болашақ байлығы деп санады.
Бұл туралы Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінде жазылған.
Ал белгілі тарихшы Лев Гумилев Жошыны қыпшақтар арасында ерекше беделге ие болған, олардың рухы мен болмысын терең түсінген билеуші ретінде сипаттайды. Жошы қыпшақтарды жай ғана бағындырған жоқ, олармен біте қайнасып, біртұтас елге айналды.
Оның мәмілеге бейімділігі мен дала халқының еркіндігін құрметтеуі қыпшақтардың Жошыны өз ханы ретінде қабылдауына ықпал етті. Бұл туралы Лев Гумилевтің «Ежелгі Русь және Ұлы дала» кітабында айтылады.
Оған дейін Еуразия құрлығы өзара толассыз соғыс жүргізген ұсақ мемлекеттердің мекені еді. Мұндай тұрақсыз жағдайда адамзаттың дамудың жаңа сатысына көтерілуі екіталай болатын.
Жошы хан мен оның ұрпақтары Қытайдан Қырымға дейінгі ұлан-ғайыр кеңістікте Алтын Орда атты біртұтас мемлекет құрып, бейбітшілік пен тұрақтылық орнатты. Замандастары бұл құбылысты «Pax Tatarica» - «Татар бейбітшілігі» деп атаған.
Бұл - көшпенділер қалыптастырған тыныштық пен еркін сауда салтанат құрған бейбіт кеңістік еді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы