Ұлыбританияда үкімет басшысы тағы ауысты
Ұлыбритания өзінің премьер-министрін соңғы 10 жылда 7-ші рет ауыстырды. Үкімет басшысының жиі өзгеруіне ішкі партиялық дағдарыстар себеп. Билікке жаңадан келген Энди Бёрнем электоратқа жақын боламын деп серт беріп отыр, бірақ ол шынымен де халықтың жағдайын жақсарта алатын саясаткер бола ала ма? Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова тарқатсын.
Бұрынғы премьер-министр Кир Стармерді ауыстырған биліктегі Лейбористер партиясының жаңа көшбасшысы алғы сөзін басқалар сияқты арнайы мінберден сөйлемеді. Телесуфлерге де, қағаздағы дайын мәтінге де қарамады. Оның толық аты-жөні – Эндрю Мюррей Бернэм. Бірақ өзін жай ғана Энди деп атауды сұрайды.
Энди Бернэм, Ұлыбритания премьер-министрі:
1980 жылдары Британия бірқатар қателік жіберді: билік орталыққа шоғырланды, экономика жекешелендірілді, көптеген өңір өнеркәсібінен айырылып, әлі күнге дейін еңсесін тіктей алмай келеді. Біз мұны өзгертеміз. Өңірлерге көбірек өкілеттік береміз.
Энди Бернэм Англияның солтүстігінде қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. Кембриджде ағылшын әдебиетін оқып, журналистикада жұмыс істеп көрді. Кейін саясатқа келді. 2017 жылдан бастап, ол Үлкен Манчестер қаласының мэрі қызметін табысты атқарды. Стармердің сәтсіздіктерінен кейін партияластары Бернэмнің кандидатурасын мақұлдады. Халықтың жаңа басшыдан күтері көп.
Сыншылар болса, Бернэмді ұстанымы тұрақсыз саясаткер, тіпті «саяси хамелеон» деп санайды. Айтуынша, ол елдегі ахуалға қарай өз ойын өзгертіп отыруға құмар. Тағы бір пікір: Бернэм – популист. Премьер халықтың алдында әдемі сөйлегенді жақсы көреді, бірақ нақты әрі тұрақты бағыты жоқ.
Алистер Смаут, сарапшы:
Ол ең алдымен сайлаушылардың тұрмысын жеңілдетуге бағытталған шұғыл шаралар қабылданатынын айтты. Бірақ бұл жоспарлардың мемлекеттік шығындардың артуына әкелуі мүмкін деген алаңдаушылық та бар.
Бернем жаңа үкімет құрамын жасақтап үлгерді. Министрлер кабинеті алдында экономиканы ілгерілету және энергия бағасын тұрақтандыру сияқты ауқымды міндеттер тұр. Сондай-ақ олар Атлант мұхитының ар жағындағы мінезі қырық құбылатын одақтасымен тіл табысуы керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы