Ақтауда жаңа порт салынып, 800 жұмыс орны ашылады
Каспий жағалауында жаңа порт пен Ақтау халықаралық әуежайы базасында мультимодальды логистикалық және авиациялық хаб салынады. Инвестициялық жобалар өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Маңғыстауға жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Олжас Бектенов өңірдің көлік-логистикалық, энергетикалық әрі өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға бағытталған стратегиялық жобалармен танысты.
Маңғыстау – Транскаспий халықаралық көлік бағытының негізгі тораптарының бірі. Соңғы үш жылда Қазақстан порттары арқылы контейнерлік транзит көлемі 3,8 есеге артқан. Ал жылдық өткізу қабілеті 200 мың контейнерге дейін ұлғайтылды. Премьер-министр Каспий теңізінің жағалауында заманауи кеме құрастыру верфін салу жобасымен танысты. Жобаның инвестиция көлемі 125 млрд теңгені құрайды.
Хусейн Арслан, «Yda Group» директорлар кеңесінің төрағасы:
Кәсіпорында азаматтық және арнайы кемелер құрастырылып, оларға техникалық қызмет көрсетіліп, күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ экипажсыз су үсті аппараттарын шығару жоспарланған. Зауыт жылына 8 жаңа кеме жасап, 24 кемені жөндеуге қауқарлы. Жоба іске қосылған соң 1500 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Үкімет басшысына Ақтау халықаралық әуежайы базасында мультимодальды логистикалық және авиациялық хаб құру жобасы да таныстырылды. Мұнда әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетіліп, жүк тасымалы ұйымдастырылады. Жоба аясында үш жарым мың адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, Премьер-министр Құрық портында салынатын көпфункционалды терминал құрылысының жоспарымен танысты. Жоба Мемлекет басшысының жуырда Қытайға сапары барысында қол жеткізілген уағдаластық шеңберінде жүзеге асады.
Юй Боян, «Guoyou Materials Group» директорлар кеңесінің төрағасы:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапары барысында бізбен жеке кездесу өткізді. Еуразиялық байланыстырушы хабқа айналатын Қазақстандағы Каспийде жаңа порт салу жобасы Президент тарапынан мақұлданып, жоғары бағаға ие болды. Қазіргі уақытта біз бұл үдерісті белсенді түрде ілгерілетіп жатырмыз. Жобаға 1 миллиард доллар инвестиция салынады. Терминалдың қуаты жылына 25 миллион тоннаға дейін жетіп, 800 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қуаты 160 мегаваттық бу-газ қондырғысы салынып жатыр
Үкімет басшысы энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларын да көрді. «CASPI BITUM» зауытында битумын өндіру көлемі бір жарым есеге артқан. Сондай-ақ Ақтауда қуаты 160 мегаваттық бу-газ қондырғысы салынып жатыр. Құрылысы келесі жылы маусым айында аяқталады.
Гэ Личунь, «АЭК» ЖШС бас директоры:
Жоба - Маңғыстау облысы мен батыс өңірлерді энергиямен жабдықтау мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Инвестиция көлемі $210 млн-ды құрайды, 300-ге жуық жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары шамамен 30% орындалды.
Бұдан бөлек, Ақтауда «МАЭК» базасында қуаты 500 мегаватқа дейін жететін жаңа энергетикалық кешен мен орталық қазандық салу көзделген. Премьер-министр барлық жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асуын, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашуды ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы