Басты Жаңалықтар Партиялардың бюллетендегі реті жеребе тарту арқылы анықталды

Партиялардың бюллетендегі реті жеребе тарту арқылы анықталды

Иә сонымен Құрылай депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталды. Орталық сайлау комиссиясы заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган құрамына кіруге ниетті 7 партияның үміткерлерін бекітті. Осылайша, 145 депутаттық мандаттан 545 адам үмітті. Отырыс барысында сайлауды өткізуге жауапты орган партиялардың бюллетендегі ретін жеребе тарту арқылы анықтады. Сонымен бірге, үгіт-насихаттың басталуына байланысты сақталу керек ережелер де таныстырылды. Толығырақ әріптесім Асылбек Данияр тарқатып айтады.

Асылбек Данияр, тілші:

Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарының сайлауына ұсынылған партиялық тізімді бекітті. Ұсынылған кандидаттың бәрі Конституция мен «Сайлау туралы» заң талаптарына сай екенін белгілі болды. Сонымен бірге, комиссия төрағасының орынбасары Шавхат Өтемісов саяси ұйымдардың міндетті квотаны толық орындағанын жеткізді.

Шавхат Өтемісов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:

Жалпы партиялық тізімдер бойынша аталған санаттардың жиынтық үлесі 43,9%-ды құрайды. Оның ішінде 172 - әйелдер, 373 - ерлер. Мүгедектігі бар адамдар - 19 адам. 35 жасқа дейінгі 74 кандидат бар. Орташа жас - 45,4 жас.

Жиын барысында саяси науқанға қатысатын партиялардың сайлау бюллетеніндегі реті белгілі болды. Ол жеребе тарту рәсімі бойынша анықталды. Реттілігі мынадай: бірінші «Әділет» партиясы, екінші - Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, үшінші - «Байтақ» жасылдар партиясы, төртінші - Қазақстан халық партиясы, бесінші - «Ауыл» партиясы, алтыншы «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы және жетінші «Рespublica» партиясы.

Сонымен бірге, Құрылтай депутаттарының сайлауына халықаралық байқаушыларды аккредиттеу жалғасып жатыр. Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен 10 байқаушыны аккредиттеу туралы өтініш түскен. Атап айтқанда: Молдовадан - 4, Албаниядан - 2, Армения, Кувейт пен Палестинадан бір-бір байқаушы. Сонымен бірге, Халықаралық парламентарийлер конгресінің 1 өкілі өтінім берген. Комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман осы уақытқа дейін барлығы 96 байқаушы аккредиттелгенін атап өтті. Бұдан бөлек, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік үгіт-насихаттың басталғанын және осы уақыт аралығында қандай талаптардың сақталу керегіне тоқталды.

Ләззат Сүйіндік, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Дауыс беру күні толтырылған сайлау бюллетенін фотожазба және бейнежазбаға түсіруге, сондай-ақ оны таратуға тыйым салынады. Сонымен қатар, шарттық негізде үгіт материалдарын орналастыру туралы талап өздерінің интернет-ресурстары мен онлайн-платформалардағы аккаунттарын пайдаланатын саяси партиялар мен кандидаттарға қолданылмайды. Бұдан бөлек, үгіт материалдарына қойылатын қосымша талаптар енгізілді. Атап айтқанда, бұрыннан қолданыста болған Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде үгіт материалдарын дайындауға және жасырын үгіт материалдарын таратуға тыйым салумен қатар, енді ағымдағы сайлау науқаны үшін дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға да тыйым салынды.

Айта кетейік, бүгін 18:01-де басталған үгіт-насихат тамыздың 21-нен 22-не қараған түні, нақтырақ айтқанда түнгі 00:00-де аяқталады. 22 тамыз – Тыныштық күні. Ал 23 тамызда сайлау өтеді. Ол күні ел бойынша шамамен 10 мыңнан астам дауыс беру учаскесі жұмыс істейді.


Бөлісу