Басты Жаңалықтар Сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталды

Сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталды

Бүгін сағат 18:01-ден бастап, Құрылтай сайлауына түсетін париялар үгіт-насихат жұмысына кірісті. Олар өңірлерді аралап, өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырады. Науқан тамыздың 21-нен 22-не қараған түні сағат 00:00-де аяқталады. 22 тамыз тыныштық күні. Ал сайлау 23 тамызда өтеді. Оған 7 партия қатысады. Олар барлығы 545 кандидат ұсынған. Атап айтқанда, «Әділет» – 186, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан – 33, «Байтақ» – 47, Қазақстан халық партиясынан – 72, «Ауыл» – 69, «Ақ жол» – 63 және «Respublica» партиясынан – 75 үміткер. Сайлауалды үгіт жүргізудің алдында Бас прокуратура өкілдері негізі ережелерді жариялады. Жергілікті атқарушы органдар кандидаттарға сайлаушылармен кездесу үшін шарттық негізде орын береді. Үй-жайлар партияларға тең жағдайда ұсынылуы тиіс. Ережені ескермегендер әкімшілік жауапқа тартылып, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Шетелде отырып үгіт материалдарын дайындауға, оны жасырын түрде таратуға, сайлауға қатысы жоқ материалдарды пайдалануға қатаң тыйым салынады. Бас прокуратура оған да жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Бұдан бөлек, кез келген нысанның иесімен келісіп ілінген материалдарды әдейі бүлдіруге, жоюға жол берілмейді. Құқықбұзушы 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.


Бөлісу