Үкімет жаңа KazSat-3R спутнигін жасауға 10,4 млрд теңге бөлді
Үкімет жаңа KazSat-3R ғарыштық байланыс жүйесін құруға 10,4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді. Бұл шешім Мемлекет басшысының ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дамыту және халықты заманауи телекоммуникациялық қызметтермен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында қабылданды. Жаңа аппарат қолданыстағы KazSat-3 спутнигін алмастырады. Оның пайдалану мерзімі 2029 жылы аяқталады. Бұл бастама шалғай әрі халық аз қоныстанған ауылдарда интернет пен телерадио хабарларын тарату сапасын арттырады. Сонымен қатар елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен технологиялық егемендігін нығайтады. Қазіргі таңда KazSat жүйесін ірі байланыс операторлары мен мемлекеттік органдар пайдаланып отыр. Жүйеге 19 оператор қосылған, ал телехабар тарату қызметін 2 миллионнан астам абонент қолданады. Бүгінде ел халқының 99%-ы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған, 4,5 мыңнан астам ауылға интернет жеткізілді. Қатынауы қиын елді мекендерге интернет спутник арқылы берілуде.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы