Басты Жаңалықтар Қазақстанда психикалық денсаулық сақтау жүйесі реформаланады

Қазақстанда психикалық денсаулық сақтау жүйесі реформаланады

Елімізде халықтың психикалық денсаулығын сақтау жүйесі түбегейлі  жаңғыртылады. Енді басымдық аурудың салдарын емдеуге ғана емес, оның алдын алуға, ерте анықтауға және азаматтарға кешенді  қолдау көрсетуге бағытталады. Бұл өзгерістер Психикалық денсаулықты сақтау жөніндегі 2027–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарда көзделген. Аталған кешенді жоспар Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Үкіметте өткен кеңесте қаралды. Жаңа жоспар аясында психикалық денсаулық мамандары емханалар жұмысына кеңінен тартылады. Ауруларды ерте анықтау жүйесі жетілдіріліп, медициналық көмекті цифрландыру, кадрлық әлеуетті күшейту және инфрақұрылымды жаңғырту көзделген. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің  психикалық денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, бүгінде елімізде психикалық денсаулық саласында республикалық деңгейдегі екі клиника, өңірлердегі 20 психикалық денсаулық орталығы, 98 бастапқы психикалық денсаулық орталығы және ауылдық жерлерде 200-ден астам денсаулық кабинеті қызмет көрсетеді. Министрліктер мен өңір әкімдіктерінің баяндамасы тыңдалғаннан кейін Психикалық денсаулықты сақтау жөніндегі 2027-2030 жылдарға арналған кешенді жоспар мақұлданды.


Бөлісу