Ақтауда халықаралық контейнерлік хаб толыққанды жұмысын бастады
Ақтауда халықаралық контейнерлік хаб толыққанды жұмысын бастады. Президент тапсырмасымен жүзеге асқан жоба Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің мүмкіндігін кеңейтуге арналған. Жаңа нысан арқылы Қытай, Еуропа және Каспий маңы елдері арасындағы жүк тасымалының көлемі едәуір ұлғаяды. Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.
Контейнерлік хаб – Ақтау халықаралық теңіз портының аумағында орналасқан. Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда алғашқы кезең аяқталып, 10 гектар аумақ қажетті инфрақұрылым мен заманауи техникалармен жабдықталған. Терминал жылына 120 мың контейнер өңдеуге қауқарлы. Хабта қазір 40-тан астам адам жұмыс істейді.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Контейнерлік хабта рельспен жүретін мынадай екі алып кран жұмыс істейді. Мұндай техника порттарда бұрын соңды болмаған. Оның ерекшелігі, біреуінің өзі пойызбен келген 50 контейнерді небәрі 3-ақ сағатта түсіріп, жинап береді.
Бұл жоба Қазақстан арқылы өтетін жүк тасымалын көбейтуге бағытталған. Яғни Ақтау порты Қытай мен Еуропаны жалғайтын маңызды көлік торабына айналып келеді.
Қайрат Қалиолла, Ақтау халықаралық контейнерлік хабы бас директорының коммерция жөніндегі орынбасары:
Контейнерлік хабтың ең басты мақсаты – Қытайдың Европаға тасымалданатын транзиттік контейнерлік жүктеріне арналған. Тек қана транзиттік жүктер емес, Қазақстанның экспорттық жүктерін де тасымалдауға мүмкіндік береді. Транскаспий халықаралық транспорттық дәлізінің дамуына үлкен әсер етеді. Солтүстік-оңтүстік халықаралық дәлізі арқылы жүктерді тасымалдауға да мүмкіндік береді.
Контейнерлік хабтың іске қосылуы Ақтау портының жүк өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Былтыр мұнда 70 мыңға жуық контейнер өңделсе, биыл бұл көрсеткіш 90 мыңнан асады деген жоспар бар. Ал хабтың екінші кезеңі аяқталған соң, мұнда жылына 240 мың контейнер өңдеп, тасымалдауға мүмкіндік болады.
Арман Жақыпов, Ақтау портының коммерциялық жұмыстар жөніндегі атқарушы директоры:
Контейнерлік хаб – порттың ажырамас бөлігі. Ол контейнерлерді қабылдау, сақтау, шоғырландыру және кейін оларды порт айлақтары арқылы кемелерге тиеп, жөнелту жұмыстарын жүзеге асырады. Хаб арқылы халық тұтынатын тауарлардан бастап, өндірістік жабдықтар мен арнайы техникаға дейінгі түрлі жүк тасымалданады.
Контейнерлік хабтың екінші кезеңін келесі жылы іске қосу жоспарланған. Оған дейін терминалдың аумағы 19 гектарға дейін кеңейтіліп, қосымша қоймалар мен теміржол желілері салынады. Жоба толық жүзеге асқанда 180-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы