29 шілдеде «Болашақ ойындары» халықаралық турнирі басталады
29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астана «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорттық турнирін қабылдайды. Қазақстан атынан 11 команда бақ сынайды. Одан бөлек, киберспорттан аты әлемге танымал спортшылар мен командалар қатысады. Ақниет Балтанова толықтырады.
Цифрлық технологияның дамуы мен жастардың спортқа қызығушылығын бір алаңға тоғыстыратын «Болашақ ойындарының» басталуына санаулы күндер қалды. Алғашқы турнир 2024 жылы Ресейдің Қазан қаласында өткен еді. Ал былтыр мультиспорттық сайыс Біріккен Араб Әмірліктерінде ұйымдастырылды. Қазақстан - «Болашақ ойындарын» өткізетін үшінші мемлекет. Сондықтан тарихи маңызы бар іс-шараға дайындық та қызу. Бұған дейін Үкімет басшысы жарысқа дайындықты қадағалап, арнайы жиын өткізді.
Әлібек Хасенов, «Болашақ ойындары – 2026» турнирін дайындау және өткізу дирекциясының басшысы:
Бұл жарысқа әлемнің 35 елінен 864 спортшыны шақырдық. Қатысушылар қатарында әлемге танымал үздік құрамалар мен ең мықты клубтық командалар бар. Олар өз бағыттары бойынша нағыз көшбасшылар саналады. Жарыс аясында мәдени бағдарламалар да ұйымдастырылады. Баршаңызды 29 шілде күні дәл осы «Барыс Арена» көпфункционалды мұз сарайында өтетін ашылу салтанатына шақырамыз.
Қазақстанның атынан 8 бағыт бойынша 11 команда өнер көрсетеді. Олардың кейбірі алғаш рет қатысатын спортшылар болса, енді бірі - өткен жылы қатысқан тәжірибелі ойыншылар. Мәселен, былтыр Абу-Дабидегі турнирде жүлдегерлер қатарынан көрінген PBC Astana командасы - биыл нәтижені жақсарта түсіп, жеңіске жетуді көздейді.
Сардал Абашидзе, PBC Astana ойыншысы:
Былтыр Бұл турнирдің қалай өтетінін, қандай стратегияларды қолдануға болатынын біліп алдық. Оның үстіне, ойынның өзі де өзгерген жоқ. Соған өте қуаныштымын. Абу-Дабиде өткен ойындарға қатысқан Руслан Власов қазір біздің жаттықтырушымыз болды. Ол бізді осы жарысқа дайындап жатыр. Сондай-ақ командамызға жас ойыншы Илья Пестов қосылды. Жеңістен үміттіміз.
Жарыстар елорданың төрт негізгі спорттық нысанында, атап айтсақ, Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешені, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, ұлттық теннис орталығы мен Барыс Арена көпбейінді мұз сарайында өтеді. Әр нысан фиджитал жарыстардың талаптарына сай қайта жабдықталды. Көрермендер 29 шілдеде турнирдің ашылу салтанатын «Qazaqstan», «Qazsport» арнасынан тамашалай алады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы