Басты Жаңалықтар Құрылтай депутаттарының сайлауы: Партияларды тіркеу аяқталды

Құрылтай депутаттарының сайлауы: Партияларды тіркеу аяқталды

Орталық сайлау комиссиясы елімізде тұңғыш рет өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысатын барлық 7 партияны тіркеді. Саяси науқанды өткізуге жауапты орган ұсынылған 545 кандидаттың барлығы Конституция мен «Сайлау туралы» заң талаптарына сай екенін мәлімдеді. Тіркеу нәтижесі мынадай: «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан – 63, «Ауыл» партиясынан – 69, «Әділет» партиясынан – 186, «Байтақ» жасылдар партиясынан – 47, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан – 33, Қазақстан халық партиясынан – 72 және «Respublica» партиясынан – 75 үміткер. Енді бейсенбі, яғни 23 шілде сағат 18:01-ден бастап партиялар үгіт-насихат жұмыстарына кіріседі. Олар өңірлерді аралап, өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырады. Науқан тамыздың 21-інен 22-сіне қараған түні сағат 00:00-де аяқталады. 22 тамыз – тыныштық күні. Сайлау 23 тамызда өтеді. Депутаттар толықтай пропорционалды жүйе бойынша сайланады. Электораттың 5 пайыздан астам дауысына ие болған саяси ұйымдар Құрылтайға өтеді. Бірпалаталы жоғары заң шығарушы орган 145 депутаттан жасақталады. Депутаттар 5 жыл мерзімге сайланады.


Бөлісу