Басты Жаңалықтар Елімізде автокөлік өндірісі артады

Елімізде автокөлік өндірісі артады

Елде жаңадан үш көлік маркасы шығарылады. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Енді автомобиль арзандай ма? Машина өндірісіндегі өзге де өзгерістер жөнінде Жанел Нұрболатқызы рет-ретімен тарқатады.

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Жаңа автокөлік маркалары алдағы үш жылда сатылымға шығады. Бұл келісім Мемлекет басшысының Қытайға сапары кезінде жасалды. Сондай-ақ қауіпсіздікті күшейту үшін автозауыттарда жасанды интеллект технологиялары енгізілмек.

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Li Auto, OMODA және JAECOO маркалы автомобильдер өндірісін, SITRAK пилотсыз жүк тартқыштарды шығаруды және BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты зарядтау стансалары желісін дамыту көзделуде.

Автобустардың да бұрын болмаған маркалары шығарылады. Жабдықтар Қытайдан әкелінеді. Қоғамдық көліктің өзі келер жылы наурыздан бастап отандық зауытта құрастырылады. Дизайнын да қазақстандық инженерлер жасаған.

Нұрлан Смағұлов, «Астана Моторс» компаниялар тобының төрағасы:

Бұл автобустар қытайлық серіктестермен бірлесіп әзірленген, әлемдік жетекші өндірушілердің компоненттері пайдаланылады.

Былтыр 171 мың көлік шығарылды. Бұл 2024 жылға қарағанда 18 пайыз көп. Жыл соңына дейін осы көрсеткішті тағы 11 пайызға арттырып, 190 мың көлік құрастыру көзделіп отыр. Бұған 10 мың маман күш салмақ. Зауыттарда соңғы үлгідегі замануи технологиялар қолданылады. Сол құрылғылардың «тілін түсінетін» мамандар даярланбақ. Ол үшін оқу орындарында автокөлік жасау бағытында 30 жаңа мамандық ашылады.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Цифрлық машина жасау, цифрлық технологиялар, интеллектуалды өндірістік жүйелер, робототехника, реверз инжениринг тәрізді жаңа бағыттар енгізіліп жатыр қазір. 22 қолданыстағы мамандық транформацияланды.

Елде көлік көбейген соң нарықта бәсеке күшейді. Былтыр қазақстандық автомобильдер 5 пайыз арзандаған. Жоспар ойдағыдай іске асса, баға төмендеуі мүмкін. Тағы бір өзгеріс – 1 қыркүйектен бастап заңсыз әкелінетін көліктерге бақылау күшейеді. Олжас Бектенов екі министрлікке 10 күн ішінде кешенді жоспар жасақтауды тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Көлік құралдарын заңсыз әкелу жағдайлары әлі де тіркелуде. Мұндай көліктер техникалық және экологиялық талаптарға сәйкес келмейді. Қаржы министрлігі Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп, автокөліктерді елге заңсыз әкелуге жол бермеу бойынша нақты шаралар кешенін әзірлесін.

Үкімет басшысы автомобиль құрастыру кезінде отандық материалдардың үлесін арттыруды да жүктеді. Жауаптылар бір ай ішінде арнайы жоспар түзеді.


Бөлісу