Басты Жаңалықтар Түркістан облысында Бұхар бұғысының саны 300-ден асты

Түркістан облысында Бұхар бұғысының саны 300-ден асты

Түркістан облысында Бұхар бұғысының саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Жануарлар өңірдегі «Сырдария – Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аумағындағы тұқымбақта және Сырдария өзені бойындағы қалың тоғайларды мекендейді. Табиғи парк аумағында тек Бұхар бұғысы ғана емес, қырғауыл құсы да өсіріледі. 

Бұхар бұғылары өсірілетін тұқымбақ «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағында орналасқан. Мұнда 22 гектар жер  биіктігі  метрлік темір тормен қоршалған. Федор Бочаров 6 жылдан бері отбасымен бірге осы саябақтың аумағында тұрады. Жұбайы екеуі  жануарлардың жем-шөбін беріп, күтім жасайды.

Федор Бочаров, «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қызметкері:

Бізде қоршаудың ішінде 41 бас, төлден төртеу. Соған қарап, нормамен, таразымен өлшеп береміз. Қызылша, картоп, қырыққабат оның бәрі 500 грамнан. Сол үш адам болып істеп жатырмыз. Бізге үйренген, бөтен адам болса қашады.

Бұхар бұғыларын сақтап және көбейтуге арналған тұқымбақ Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының қолдауымен құрылған. Мамандар алғашында мұнда Шымкенттен 8 бас Бұхар бұғысы әкелінгенін айтады. Содан бергі ширек ғасырда Қызыл кітапқа енген жануарлардың саны 40 есеге дейін өсіп, көпшілігі еркіндікке жіберілген. Жалпы Бұхар бұғылары өткен ғасырдың орта тұсына дейін Сырдың бойын мекендеп, кейін жойылып кеткен.

Әйгерім Тәжиева «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің бөлім меңгерушісі:

Қайта қалпына келтіру жұмыстары 2000 жылы жүргізіліп, осы өңірлік табиғи парк құрылғанан кейін мамандардың қарқынды жұмысының арқасында Бұхар бұғысы көбейіп, 319 басқа жетіп отыр. Еркіндікке жіберілген бұғылар тек паркте емес, Сырдария өзенің бойымен көршілес жатқан Қызылорда облысына дейін кете береді.

Парк аумағындағы Бұхар бұғылары мекеме қызметкерлері тарапынан қатаң қадағаланады. Бейнебақылау камералары мен фототұзақтар орнатылған. Бұғылардың тіршілігі, өсіп-өнуі барлығы бақылауда. Ал оларды дәрі-дәрмек, жем-шөппен мемлекет қамтамасыз етеді. Сондай-ақ парк аумағында қырғауыл да өсіріледі. 8 жыл бұрын қырғауыл басын көбейту мақсатында арнайы тұқымбақ құрылған. Мамандар бұл құстарға ерекше күтім керектігін айтады.

Қазір аумағы 2 гектар болатын қырғауыл тұқымбағында 2 мыңнан аса құс күтіп-бапталуда. Мамандар алдағы 3 жылда олардың санын 5 мыңға жеткізуді көздеп отыр.


Бөлісу