Басты Жаңалықтар Баянауылда «Сарыарқа сыры» заманауи визит-орталығы ашылды

Баянауылда «Сарыарқа сыры» заманауи визит-орталығы ашылды

Баянауылда «Сарыарқа сыры» деп аталатын заманауи визит-орталығы ашылды. Мамандар мұны туристік әлеуетті дамытудың жаңа кезеңі  деп бағалап отыр. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір әкімдеріне туризмді дамыту бойынша нақты тапсырма берген. Соның аясында жүзеге асып жатқан Баянауылдағы игілікті шара туралы меншікті тілшіміз хабарлайды.

Баянауыл еліміздің жетекші туристік орталықтарының бірі болуға сұранып тұрған аймақ. Табиғаты ерекше, аңызға бай өлке. Демалыс айлағына жылына 300 мыңға дейін турист келеді. Сондықтан соңғы жылдары инфрақұрылымын кешенді жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.

Сақтапберген Мақсұтов, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Қазақстанның азаматтары Швейцарияға барып отыр немесе басқа да сырт мемлекеттерге барады. Мына Баянауылдың Сабындыкөлі, Жасыбайы Швейцариядан кем емес. Осы елге бір күн, болмаса бір аптаға емес, 10 күн демалуға осы өлкеге шақырамын. Мен Қызылордадан арнайы осы жерге демалуға келіп отырмын.

Бұл «Сарыарқа сыры» деп аталатын «Vizit Bayanaul» орталығы. Енді Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне келушілер туристік бағыт, табиғи көрікті жерлер, киелі нысандар мен өңірдің мәдени мұрасы туралы жан-жақты ақпаратты осы жерден алады.

Медет Тауасқан, облыстық Мәдениет және архив істері басқармасының басшысы:

Бұл жерде біз тек қана бір тұлғалар мен тарихи-археологиялық ел, орындарды ғана емес, толыққанды жер бедерінен бастап, геологиясы мен географиясы толық қамтылған үлкен бір танымдық орталық болады деп айта аламыз.

Аумағы 740 шаршы метрді құрайтын кешенде туристік бағыттардың цифрлық картасы жасалған. Ішінде жеке музейі, конференц-зал, коворкинг, трансформер-кітапхана және жасанды интеллект технологиялары арқылы, заманауи мультимедиялық жабдықтардың көмегімен келушілер интерактивті форматта ақпарат алатын демалыс аймақтары бар.

Алтынбек Құрманов, Баянауыл ұлттық табиғи паркінің аға қызметкері:

Бұл Баянауыл деген өте жұмбақ нәрсе. Бұл Баянауылға мен тоқталып кетсем, Мәшһүр Жүсіп ата айтады «Бұл Көктау біреуге бақ, біреуге сор. Бұл Көктау біреуге босаға, біреуге төр», - дейді. Сонау мың заманнан бері жұмбақ болып қалған дүние. Мұны мен шеше алмай кеттім дейді. Біздікі сол ілгерідегі дүниені кішкене болсада елдің игілігіне жаратып, ұрпағымыз өз жерінде өгей бала болмасын деп атқарған қызметіміз.

Баянауылға кіреберіс қақпаға жаңа стелла орнатылды. Ұлттық нақыштағы сәулеттік нысанның биіктігі 30 метр. Бұл - өңірдің даму келешегіне салынған инвестиция деп бағалап отыр тұрғындар.


Бөлісу