Қостанайда орман ішінде экосаябақ салынып жатыр
Қостанайда орман алқабының ішінде экологиялық саябақ салынып жатыр. Ерекше демалыс орнының құрылысы осыдан бірер апта бұрын басталды. Игі бастама мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асып жатыр.
Мәдина Нағашыбай, тілші:
Экосаябақ қала іргесінен 44 гектар аумақта дәл осы жерде бой көтереді. Тұрғындардың таза ауамен тыныстап, тынығуына, спортпен шұғылдануына бар жағдай жасалмақ. Мұнда футбол, волейбол, балалардың ойын алаңыалаңдары, уоркаут аймағы, вело және жаяу жүргіншілер жолы салынады. Ең бастысы, құрылыс барысында бір де бір ағаш кесілмейді.
Табиғат аясындағы парк жаңадан бой көтереген «Бәйтерек», «Астана» шағын аудандарына жақын. Сондықтан тұрғындардың қауіпсіздігі үшін күре жолдың астынан өткел салу да қарастырылған. Алаңға жасыл желектің арасындағы қураған ағаш, күл-қоқысты жинап, реттеу үшін ерікті жастар да жиналған.
Асылзат Ерболатқызы, ерікті:
Орман аумағын қоқыстардан тазартып, абаттандыру жұмыстарына қазіргі таңда өз үлесімізді қосудамыз. Бұл жер үлкен күшті саябақ болады. Барша осы Қостанай ауданы тұрғындары осы жерде дем алып, өздерін еркін сезінеді деп ойлаймын.
Қазір мұнда тас жол салу үшін жердің беті тегістеліп жатыр. Жобаның жалпы құны 800 млн теңге. Жауапты мамандардың айтуынша, жаз соңына дейін нысан қолданысқа берілуі керек. Ең бастысы адамдардың қауіпсіздігі. Сондықтан саябақта серуендеп, еркін демалуға барлық жағдай жасалмақ.
Денис Петрухно, Қостанай аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Экологиялық саябақ іші толық жарықтандырылып, әр тұсында бейнебақылау камералары орнатылады. Белгілі бір жерлерде өрт сөндіру жабдықтары қойылады. Веложолақтың бұрылыстарда жаяу жүргінші жолымен түйіспеуі, ағашқа соғылып қалмау жағы да ойластырылған.
Жалпы
облыста «Таза Қазақстан» акциясы арқасында 90-ға жуық саябақ пен шағын бақтар
абаттандырылып, 370 мыңнан аса түп ағаш отырғызылды. Экосаябақ құрылысы да осы
игі бастаманың жалғасы. Негізгі мақсат – қоғамда табиғатты қорғау мәдениетін
қалыптастырып, жасыл аймақ санын арттыру.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы