50 жылда болмаған аптап ыстық
Алматыда ауа температурасы соңғы 50 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жеткен. Күн өтіп, қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдемге жүгінетіндер көбейген. Ал мамандар алдағы күндері ыстықтың беті қайтпайтынын ескертіп отыр.
Шіліңгір шілденің ыстығынан алматылықтар барынша қорғанып жатыр. Бірі көлеңке іздесе, енді бірі күннің ең ыстық уақытында сыртқа шықпауға тырысуда. Құрылысшылар жұмыс кестесін өзгертіп, ата-аналардың көбі балаларын үйден шығармай отыр. Тіпті, кейбір тұрғындар ауруханаға түсіп, қоғамдық көлікте есінен танып қалғанын айтады.
Шілденің басында күрт көтерілген ауа температурасы бүгін тарихи рекорд жаңартты. Алматыда орташа сынап бағанасы +38 градусқа дейін көтеріліп, жарты ғасыр бұрынғы көрсеткіштен де асып түсті. Синоптиктер мұны Орта Азиядан келген ыстық ауа массаларымен байланыстырады.
Лаура Қанат, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:
Ауаның ең жоғарғы температурасы +38 градусқа жетіп, бұрынғы рекордтан 2 градусқа асты. Бұған дейін 16 шілдедегі ең жоғарығы температура +36 градус болып, 1976 жылы тіркелген еді. Мұндай жоғары температуралық фон Орта Азия өңірлерінен ыстық ауа массаларының келуімен байланысты.
Аптап ыстық тек жайсыздық емес, адам өміріне қауіп төндіреді. Соңғы күндері жедел жәрдем шақыру саны айтарлықтай артқан. Шілденің алғашқы екі аптасында жедел жәрдем қызметіне 33 мыңнан астам шақырту түскен. Бұл әдеттегі көрсеткіштен шамамен бір жарым мыңға көп.
Алма Бадуанова, медициналық жедел жәрдем қызметінің аға дәрігері:
Соның ішінде қан қысымының жоғарлауы, жүрек аурулары бас-ми қан айналымының бұзылуының аурулары осы ыстықтың кесірінен жоғарылап, көтеріліп жатыр. Түскен шақыртулардың 40-50 пайызын ауруханаға жеткізіледі.
Мамандар, әсіресе, егде жастағы адамдарға, балаларға, жүкті әйелдерге және созылмалы ауруы бар тұрғындарды барынша сақ болуға кеңес береді. Күннің ең ыстық уақыты сағат 11:00 мен 17:00 аралығында сыртқа шықпаған жөн. Жеңіл әрі табиғи матадан тігілген киім киіп, көбірек су ішу керектігін ескертеді. Ал қатты бас ауруы, бас айналу, әлсіздік, жүрек айну немесе есінен тану белгілері байқалса, адамды дереу көлеңкеге апарып, салқындатып, жедел жәрдем шақыру қажет. Бұл Алматыдан өзге аймақтағы тұрғындарға да ескерту.
Тұрсын Тілләкәрім, «Қазгидромет» РМК ғылыми-зерттеу орталығының директоры:
Бұл аномалды ыстықтың негізгі екі себебі бар. Біріншісі - жергілікті синоптикалық жағдайлар болса, екіншісі - ұзақ мерзімді климаттың өзгеруі. Ауа температурасының қарқынды жоғарлауы шілде айында бұл еліміздің оңтүстік аймақтарында, орталық аймақтарында жекелеген оңтүстік-шығыс аймақтарында байқалуы мүмкін.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері бұл ыстықтың беті қайтпайды. Алматыда демалыс күндері ауа температурасы +40, +42 градусқа дейін көтеріледі. Ал Шымкентте +47 градусқа дейін жетуі мүмкін. Астанада да +36 градустан жоғары ыстық күтіліп отыр. Сондықтан мамандар, ауа райының ескертуіне бей-жай қарамай, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді. Осылайша, биылғы шілде тек рекордтық көрсеткішімен емес, тұрғындардың денсаулығына төндірген қаупімен де есте қалғалы тұр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы