Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы Қытай Төрағасымен келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы Қытай Төрағасымен келіссөз жүргізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысуға шақырғаны үшін  Си Цзиньпинге алғыс айтып, осы іс-шараның Шығыстың інжу-маржаны – Шанхай қаласында ұйымдастырылуы символдық мәнге ие екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай халық республикасының Төрағасын Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуымен құттықтады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қытайдың халықаралық қауымдастық алдындағы беделі зор және оның жетістіктерін бүкіл әлем мойындайды. Қазіргі таңда еліңізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерге бәріміз үлкен қызығушылықпен қараймыз. Бұл, ең алдымен, сіздің көреген басшылығыңыз бен қажырлы еңбегіңіздің арқасы деп санаймын. Өзіңізді халқын алға бастап келе жатқан тегеурінді көшбасшы және жаһандық деңгейдегі парасатты саясаткер ретінде ерекше құрметтеймін. Сіз көтерген игі бастамаларды қолдауға әрқашан дайынбыз. Қазақстан Қытаймен мәңгілік әрі стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайта беруге қашанда мүдделі. Соңғы жылдары мемлекеттеріміз арасындағы саяси диалог айтарлықтай жандана түсті.

Ал Қытай халық республикасының Төрағасы Қазақстан Президентіне ілтипат білдіріп, екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға орайлы мүмкіндік туып отырғанына назар аударды.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы:

Бірлескен күш-жігердің арқасында Қытай мен Қазақстанның мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігі жоғары деңгейге жетті. Өзара ықпалдастықты дамытудың әлеуеті өте зор. Қазақстан Президенті Қытаймен достық саясат жүргізіп отыр. Бұл халықтарымыздың мүддесіне сай келеді.

Сонымен қатар Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерге жоғары баға беріп, жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады. Алдағы Құрылтай сайлауына сәттілік тіледі. Мемлекеттер басшыларының кездесуі аяқталған соң Қазақстан мен Қытай Үкіметі арасындағы 2027-2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына және жол картасына қол қойылды.


Бөлісу