Ұлытау мен Атырау облысының әкімі ауысты
Бүгін елде екі өңірдің әкімі ауысты. Мемлекет басшысының Жарлығымен Серік Жамбылұлы Шәпкенов Атырау облысының әкімі лауазымынан босатылды. Оның орнына Болат Оралұлы Ақшолақов өңірге басшы болып тағайындалды. Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр өңірге арнайы барып жаңа әкімді таныстырды. Роман Скляр депутаттарға Президенттің бұл лауазымға екі кандидатты Kazenergy «Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі төрағасы Болат Ақшолақов пен Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовты ұсыну туралы хатын оқыды. Мәслихат депутаттарының дауыс беруі нәтижесінде екі кандидаттың ішінен Болат Ақшолақов басым дауыс жинады. Сондай-ақ Ұлытау облысының әкімі Дастан Адайұлы Рыспековте қызметінен кетті. Енді кенді аймақтың тізгінін Есет Берікұлы Байкен ұстады. Ол жаққа да Олжас Бектенов пен Роман Скляр арнайы барып, облыс мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты. Роман Скляр бұл қызметке екі үміткер Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен және Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаевты ұсыну туралы Президент хатын оқыды. Ашық дауыс берген 64 депутаттың 87%-ы Есет Байкеннің кандидатурасын қолдады. Жаңадан келген басшыға Ұлытаудың тарихи-мәдени мұрасын тиімді пайдаланып, туристік инфрақұрылымды дамыту және туристік әлеуетті арттыру бойынша тапсырма берілді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы