Басты Жаңалықтар Қауіпті ойыншық: Сквиш пен слаймға бақылау күшейді

Қауіпті ойыншық: Сквиш пен слаймға бақылау күшейді

Балалардың сүйікті антистресс ойыншықтары – сквиш пен слаймның қауіпсіздігіне қатысты күмән көбейді. Әлеуметтік желіде алматылық бүлдіршіннің химиялық күйік алғаны туралы жазбадан кейін, қаладағы сауда орындарындағы бұл өнімдер арнайы зертханалық тексеріске жіберілмек. Бұл ойыншықтардың шынымен қаншалықты қауіпсіз екені қалай анықталады? Ал олардың сапасына кім жауап береді? Тілшіміз анықтап көрді.

Өзі жұмсақ, түрлі-түсті, қолмен ұстағанда жағымды. Сквиш пен слайм –  бүгінгі балалардың ең көп сұрайтын ойыншығының бірі.

Алайда соңғы күндері әлеуметтік желіде осы заттан зардап шеккен баланың суреттері мен видеолары тарағаннан кейін ата-аналардың алаңдаушылығы артты.

Дәрігерлердің айтуынша, қауіп ойыншықтың сыртында емес, ішінде болуы мүмкін. Балалар қызығып, сквиш пен слаймды инемен тесіп көреді екен. Ал құрамындағы белгісіз сұйықтық теріге немесе көзге тиіп кетсе, салдары ауыр болуы ықтимал. Кейбір ойыншықтар күннің ыстығында еріп, қолға жабысып қалады. Мамандар мұндай жағдайда химиялық күйік алып қана қоймай, көзге тисе көру қабілетінен айырылып қалу қаупі бар екенін ескертеді. Ең дұрысы,  зақымданған жерді салқын сумен шайып, 1-2 сағаттың ішінде дәрігерге шұғыл көрсету керек.

Раджа Жұмаділдаев, қалалық балалар бас комбустиологы:

Химиялық заттары бар ойыншықтар жарылған кезде ешқашан тіс пастасын қолдануға болмайды. Кейбіреулер қаздың майын жағады, кейбіреулер томат пастасын жағады. Олардың бәрі терең күйдіреді теріні. Осындай ойыншықтың зардабынан біздің ауруханаға айына 1-2 бала түсіп тұрады. Көбіне бұл балаларда терінің 3- 4 қабаты зақымданады.

Мамандардың айтуынша, ең алдымен өнімнің сертификаты мен таңбалануына назар аудару қажет. Қаптамада өндіруші, құрамы, жас ерекшелігі және пайдалану жөніндегі нұсқаулық толық көрсетілуі тиіс. Бұл  Кеден одағының техникалық регламентінде бекітілген міндетті талап.

Гаухар  Каткенова,  қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары:

Қазір бізде бақылау мақсатында сатып алу түрінде бақылау - қадағалау формасында жұмыстар жүргізіледі. Осы аптаның ішінде Алматы қаласындағы сауда сөрелерінен свиш, слайм ойыншықтары зертханалық зерттеулерге сараптама жүргізу үшін алынатын болады. Техникалық регламент талаптарына сәйкессіздік анықталатын болса, онда бақылау органлдарының тарапынан шектеу шаралары жүргізілетін болады.

Ал әзірге әлеуметтік желіде қауіпті деп танылған кейбір сквиштер дүкен сөрелерінен алыныпты. Түсірілім барысында біздің назарымызды аударған тағы бір жайт, бірқатар ойыншықтың қаптамасында өнімнің құрамы ғана емес, аудармасы да көрсетілмеген. Демек, көз тартқан ойыншықтың қауіпсіз екенін түріне емес, құжатына қарап көз жеткізген жөн.

Бөлісу