Басты Жаңалықтар Жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам келісімге қол қойылды

Жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам келісімге қол қойылды

Қазақстан мен Қытай жаңа бірлескен жобаларды қолға алмақ. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың алпауыт компанияларының басшыларымен кездесіп, цифрлық инфрақұрылым, логистика және ауыл шаруашылығы салаларында серіктестік орнатуға шақырды. Қос ел енді өзара әріптестікті өндіріс пен технология саласында дамытады.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Бұл әлемнің ең қарқынды дамып жатқан мегаполистерінің бірі – Қытайдың қаржы және технология орталығы Шанхай шаһары. Бұл қала – зәулім ғимараттар мен инновацияның, жоғары технология мен алып экономиканың тоғысқан мекені. Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс та дәл осы қарқынмен дамып келеді. Қытай - бүгінде Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай халық республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Шанхайға жұмыс сапарымен келді. Бүгін екі ел арасындағы берік байланысты одан әрі дамыту үшін келелі келіссөздер жүргізіледі.

Сан түрлі саладағы бірлескен жобаларды дөңгелету үшін тараптар дөңгелек үстелде бас қосты. Мұнда Қытайдың жетекші ірі компанияларының басшылары жиналған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық ғылым мен инновация орталықтарының бірі саналатын Шанхай қаласындағы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы қарсаңында бас қосудың символдық мәні зор екенін айтты. Қазақстан жасанды интеллектіні болашақ экономикалық өсімнің басты факторларының бірі ретінде қарастырады және халықаралық инвесторларды тарту үшін заманауи цифрлық инфрақұрылым жасақтап жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екібастұз қаласындағы Data Center Valley жобасына ерекше тоқталғым келеді. Бұл – еліміздің бірегей стратегиялық бастамасы. Аталған жоба Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия цифрлық инфрақұрылымының негізгі тірегі болады деп санаймыз. Басты мақсат – деректерді өңдеу орталықтарын, бұлтты сервистерді және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға арналған халықаралық деңгейдегі платформа қалыптастыру. Инвесторларға толық жабдықталған алаңдар, заманауи инфрақұрылым ұсынылады. Олар тұрақты электр қуатын пайдаланып, арнайы инвестициялық режим аясында жұмыс істей алады. Алайда, осы бағыттағы ауқымды шаруа деректерді өңдеу орталықтарын салумен шектелмейді. Біз біртұтас инновациялық экожүйе қалыптастыруды көздеп отырмыз. Сол арқылы суперкомпьютердің қуаты, жасанды интеллект зертханалары, ғылыми-зерттеу ұйымдары, білім беру бағдарламалары, стартаптар мен экспортқа бағытталған цифрлық қызметтер бір арнаға тоғысады. Біз қытайлық серіктестерімізбен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайта түсуге мүдделіміз.

Президент атап өткендей, Алатау қаласы алдағы уақытта Еуразиядағы таланттардың, технологиялар мен инвестициялардың жаңа орталығы болмақ. Қазақстан мен Қытай Еуразиядағы жаңа технологиялық дәуірдің келбетін бірге қалыптастыруға мүдделі. Қытайдың ірі жоғары технологиялық компанияларының басшылары қатысқан дөңгелек үстел барысында қол қойылған коммерциялық құжаттарды алмасу рәсімі өтті.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы рекордтық деңгейге жетіп, 49 миллиард доллардан асқан. Биыл бұл көрсеткіш одан әрі еселене түсері анық. Себебі жаңа ғана құны 15 млрд доллардан асатын 70-тен аса келісім жасалды. Осылайша екі ел арасындағы ынтымақ пен серіктестік одан әрі күшейе түспек.

Мысалға, Джей а мода компаниясымен жасалған келісімнің аясында енді Алматыда дчери автокөлігі шығарылатын болады. Сондай-ақ елімізде тоқпен жүретін көліктердің қуаттау бекеті де көбеймек.

Нұрлан Смағұлов, «Astana Group» холдингінің президенті және негізін қалаушы:

Қазақстанда BYD компаниясы Астана моторспен бірлесе 60 жедел қуаттайтын бекет салады. Элетр қуатымен жүретін көліктерді сол бекеттерде бар болғаны 9 минутта қуаттандыруға болады. Бұл жоба еліміздің барлық өңірінде жүзеге асады. Биыл әзірге Алматы, Астана және Шымкент қалаларында бекеттер орналастырамыз.

Білім беру саласында да байланыс беки түсті. Жасалған келісімнің бірін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті олжалады.

Жансейіт Түймебаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры:

Президент цифрлық логистиканы және перспективті көлік дәліздерін дамытқан жөн деп санайды. Қазақстан Қытайды Орталық Азиямен, Кавказбен, Таяу Шығыспен және Еуропамен байланыстыратын негізгі көлік-логистика хабы болуға тиіс. Бұл – стратегиялық мақсат. Қазір еліміздің аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы жүзеге асырылады. Соңғы он бес жылда мемлекет көлік және логистика инфрақұрылымын дамытуға 35 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Елімізде халықаралық жүк тасымалына арналған бірыңғай цифрлық экожүйенің негізі қаланып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы саладағы басты жоба – Smart Cargo платформасы. Бұл – кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтерді бір цифрлық ортаға біріктіретін бірыңғай цифрлық терезе. Басты мақсат – Еуразияның бірыңғай цифрлық көлік кеңістігін қалыптастыру. Бір сөзбен, деректер цифрлық желі арқылы қалай тез жіберілсе, тауарлар да шекарадан дәл сондай жылдам әрі тиімді өтетін кеңістік құруымыз керек. Қазақстан мен Қытай халықаралық сауданың тиімділігін арттыратын жаңа жаһандық стандарттарды бірлесіп орнықтыра алады деп санаймын. Қытайдың технология саласында жұмыс істейтін компанияларын, логистика операторларын және инфрақұрылым саласындағы инвесторларын осы ауқымды бастамаға белсене атсалысуға шақырамын.

Мемлекет басшысы бірқатар кездесу өткізді

Мемлекет басшысы дөңгелек үстелден кейін бірқатар кездесу өткізді. Әуелі Xiaomi корпорациясының президенті Лу Вэйбинмен жүздесті. Xiaomi   басшылығы Қазақстан мен Орталық Азия нарығында дистрибуцияны барынша реттеуді жоспарлап отыр. Мемлекет басшысы CATL директорлар кеңесінің теңтөрағасы Пань Цзяньды да қабылдады. Олар елімізде аккумулятор батареяларын шығаратын зауыт салуды көздеп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Чжан Биньнаньді де қабылдады. Ол басқаратын компания елімізде қуаттылығы 600 MBт болатын гидростанцияны Алматы облысындағы Қарғалы өзенінде салу жоспарланып отыр.

Чын Джонг, СССС компаниясының өкілі:

Біз соңғы жиырма жылдың ішінде Қазақстанда бірнеше ірі инфрақұрылымдық жобаны табысты жүзеге асырдық. Атап айтқанда, автомобиль жолдары, теміржолдар, әуежайлар, теңіз порттары және түрлі құрылыс нысандарын салдық. Қазақстанда біз Ақтау портындағы терминал құрылысы жобасын сәтті аяқтадық. Қазір келесі кезең аясында жергілікті мемлекеттік органдармен және серіктестермен бірқатар жаңа жобалар бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Гаую компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Юй Боянды қабылдады. Олар Маңғыстау облысында Құрық көпфункционалды портын салуды жоспарлап отыр. Дөңгелек үстел барысында Президент атап өткендей, екі ел арасындағы екіжақты байланыс бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Біз Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын отыз жылдығына» бірге қадам бастық. Бірақ негізгі мақсат - тек капитал тарту емес. Ортақ мүдде жаңа технологияларды бірлесіп әзірлеп,ғылыми зерттеу орталықтарын құрып,білім экономикасын алға бастайтын адам капиталын дамытуға ұмтылу.

Бөлісу