Басты Жаңалықтар Қосшыда бірнеше әлеуметтік нысан салынып жатыр

Қосшыда бірнеше әлеуметтік нысан салынып жатыр

Енді ауырып ем іздеген қосшылықтар облыс орталығы мен Астанаға барып әуре болмайды. Жақын арада заманауи көпбейінді аурухана пайдалануға берілмек. Қазір емдеу мекемесінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сонымен бірге, келер жылы Қосшыда мектептегі орын тапшылығы мәселесі де шешілуі мүмкін. Қалада «Келешек мектебі» тұжырымдасына сай 1500 орындық білім ордасы салынып жатыр. Бес жыл бұрын қала мәрбесін алған шаһардың қазіргі тыныс-тіршілігін әріптесім Асылбек Данияр көріп келді.  

Бес жыл бұрын «қала» мәртебесін алған Қосшының ажары айтарлықтай өзгерді. Халқының саны 80 мыңнан 110 мыңға дейін көбейді. Тұрғындардың жайлы өмірі үшін көптеген әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым салынды. Қазір Астана мен Қосшыны жалғайтын LRT құрылысы жүріп жатыр. Бұл жол азабын шеккен жұрттың уақытын айтарлықтай үнемдейді.
Қосшыда жылу тапшы. Қазандықтардың күші жетпей, қыста үйлер салқын болатын. Қала әкімі бұл проблема биыл шешілетінін айтты. Қазір ескі құбырлар жаңартылып, жаңа қазандық орнатылып жатыр. Барлық жұмыс қыс түспей аяқталады.

Азамат Капышев, Қосшы қаласының әкімі:

Үш қазандықтың жобалық күші, қуаты 75 Гкал болса, бар болғаны беретіні 36 Гкал. Сондықтан 20 Гкал әлі тапшы. Сондықтан 1 қазандықты ауыстырып 20 Гкал қосымша алу жоспары бар. Ол 10 Гкал тапшылықты жойып, тағы 10 Гкал профицит болады деп ойлаймыз.
Жылумен қатар жолдар да жөнделіп жатыр. Республика даңғылы мен қала ішіндегі 4 көше келесі аптада толық аяқталады. Білім беру саласында да ілгерілеу бар. Қосшыда үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілгенімен, орын тапшылығы әлі өзекті. Сондықтан қазір 1500 орындық жаңа білім ордасы салынып жатыр. Бұдан бөлек, қаңтар айында жаңа емхана пайлануға берілген. Енді жыл соңына қарай көпбейінді аурухана іске қосылмақ. Әкімдік басқа өңірден келетін мамандарды баспанамен қамтуға дайын. Осы мақсатта аурухана маңынан тұрғын үй, ал сырттан келетін науқастардың туыстары үшін 60 орындық пансионат салынып жатыр.
Нұрлан Қасымов, «Viamedis» ЖШС бас директорының орынбасары:
Жобаның жалпы құны 29 миллиард теңге. Жобаға кіретін емхана ауқымы 1000 адамдай қабылдайтын және аурухана 350 төсек-орындық. Пансионат және тұрғын үйлер. Жалпы орталық іске қосылғаннан кейін Қосшы қаласының тұрғындарын ғана емес, одан бөлек Астана маңайындағы 7 ауданның тұрғындарына көмек көрсетеміз. Барлық көмек – тегін.
Қаланың экономикалық әлеуетін арттыру үшін индустриялық аймақ құрылысы да басталды. Мұнда құны 350 миллиард теңгені құрайтын 7 ірі жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында сүт өнімдерін өндеретін, бетон құбыр шығаратын, көкеніс сақтайтын және шыны өндіретін кәсіпорындар бар. Осының есебінен қалада 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Әкімдік өкілдері бұл жобалар 2028 жылға қарай толық іске қосылатынын жеткізді.


Бөлісу