Қытайлық компания қалдықтарды өңдейтін зауыттар салмақ
Қытайлық China Tianying Inc. компаниясы Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеп, электр энергиясын өндіретін жаңа зауыттар салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов пен компания президенті Дэ бяо Цаоның кездесуінде талқыланды. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 48 миллиард долларға жеткен. Бүгінде 77 бірлескен жоба іске асырылып жатыр. Қалдықтарды өңдеу қазір Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қолға алынған. Жалпы құны 293 миллиард теңгеден асатын бұл нысандар тәулігіне 4,5 мың тонна қалдық өңдеп, 134 мегаватт электр энергиясын өндіреді. Кездесу соңында Үкімет басшысы жауапты органдарға инвестициялық келісімдерді екі апта ішінде аяқтау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.