Басты Жаңалықтар Президент Қытайдың жетекші компанияларының басшыларымен кездесті

Президент Қытайдың жетекші компанияларының басшыларымен кездесті

Қазақстан және Қытай компаниялары 15 миллиард доллардың келісімін жасады. Си Цзиньпиннің шақыруымен Шанхайға барған Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай компанияларының жетекшілерімен жиын өткізді. Дәл қазір Шанхайдан әріптесім Азамат Бейбітұлы тікелей байланысқа шыққалы тұр. Азамат екі ел арасындағы келіссөздер қалай өтті?

Азамат Бейбітұлы, тілші:
Бүгінгі келіссөздер өте табысты өтіп жатыр. Екі елдің ірі компаниялары құны 15 млрд доллардан асатын 80 келісім жасады. Тірліктің тынысы тоқсан тарау, сексен сала десек, соның барлығы қамтылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық және серіктестік қарым-қатынасқа кеңінен тоқталды. Президент қытайлық серіктестерімізбен ынтымақтастықтың барлық бағытын қарастыруға дайынбыз деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Былтыр екіжақты сауда көлемі 49 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазір Қазақстанда Қытай капиталы бар 8500-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде CNPC, CITIC және Huawei сияқты ірі компанияларды атап өту қажет. Біз Қытай бизнес өкілдерінің Қазақстан экономикасын жаңғыртуға сүбелі үлес қосып жатқанын жоғары бағалаймыз.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Алдағы уақытта екі ел арасында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, кадрлық әлеуетті дамыту және халықаралық деңгейдегі құзырет орталықтарын құру мәселелеріне басымдық берілмек. Қазақстан мен Қытай арасындағы жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым және интеллектуалды жүйелер саласындағы серіктестігі одан әрі арта түспек. Бұдан бөлек, цифрлық логистика және болашақтың көлік дәліздері туралы да баяндалды. Қазақстан аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол жүк тасымалының шамамен 80 пайызы Қазақстан арқылы транзитпен жүзеге асырылады. Біздің стратегиялық мақсатымыз – Қытайды Орталық Азиямен, Кавказбен, Таяу Шығыспен және Еуропамен жалғайтын Еуразиядағы жетекші көлік-логистикалық хабқа айналу, - деді Президент.
Жоғарыда атап өткенімдей, бүгін ірі компаниялар көптеген келісім жасасты. Соның бірі көлік өндірісіне қатысты. Режиссерлер сұхбатты ұсынса.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Сондай-ақ Президент жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституциямыз меншік құқығының қорғалуын және инвесторлардың заңды мүдделеріне берілетін кепілдікті одан әрі күшейтті деп атап өтті. Бүгінде ұлттық цифрлық инвестициялық платформа «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Ал Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб инвестициялық жобалар бойынша шешімдерді жедел қабылдап, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетеді. Жалпы, Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан аса инвестиция құйған. Бүгінгідей табысты келіссөздерден кейін екі ел арасындағы алыс-беріс одан әрі арта түсері анық. Бұдан басқа да ақпараттарды кешкі қорытынды жаңалықтарда кеңінен баяндаймыз.


Бөлісу