Басты Жаңалықтар Маңғыстау облысында қатерлі ісікті анықтайтын зерттеу кешені іске қосылды

Маңғыстау облысында қатерлі ісікті анықтайтын зерттеу кешені іске қосылды

Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінде заманауи иммуногистохимиялық зерттеу кешені іске қосылды. Бұған дейін науқастардың биоматериалдары Астана мен Алматыдағы зертханаларға жіберіліп, нәтижесін апталап күтуге тура келетін. Енді қажетті зерттеулер өңірдің өзінде жүргізіліп, қорытындысы бірнеше күннің ішінде дайын болады. Бұл науқастарға диагнозды жедел нақтылап, емдеуді уақытылы бастауға мүмкіндік беруде. Толығырақ Аягөз Оралбайқызының бейнематериалында.

Ақтаулық Наталья Воронинаға былтыр тік ішек обыры диагнозы қойылған. 70 жастағы тұрғын қазір облыстық онкологиялық диспансерде тұрақты бақылауда. Ол емделу барысында жиі тексеріліп, түрлі зертханалық талдаулардан өтеді. Сондықтан иммуногистохимиялық зерттеудің Ақтауда жасалуы науқас үшін маңызды.

Наталья Воронина, қала тұрғыны:

Өздеріңіз білесіздер, біз үшін уақыт өте маңызды. Сондықтан емді неғұрлым ерте бастасақ, нәтижесі де соғұрлым жақсы болады. Енді қажетті зерттеу өзіміздің облыста жүргізіледі, онымен жұмыс істейтін маман да бар. Бұл біз сияқты науқастар үшін үлкен көмек.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Бұл - еліміздегі ең заманауи иммуногистохимиялық зерттеу кешендерінің бірі. Соңғы үлгідегі роботтандырылған қондырғы барлық зерттеу кезеңін автоматты түрде жүргізеді. Мұнда тәулігіне 120-ға дейін зерттеу жасауға болады.

Осы уақытқа дейін онкологиялық диспансерде тек стандартты гистологиялық зерттеулер жүргізіліп, қатерлі жасушалардың бар-жоғы ғана анықталатын. Енді жаңа қондырғының көмегімен ісіктің молекулалық ерекшеліктері зерттеліп, қатерлі жасушалардың қаншалықты жылдам бөлініп жатқанын анықтауға болады. Ең бастысы -ісіктің әртүрлі емдеу әдістеріне сезімталдығы бағаланып, науқасқа ең тиімді емдеу тактикасын таңдауға мүмкіндік береді.

Бақтияр Болысбеков , Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбасары:

Науқастардан алған биологиялық материалдарды біздің Астана, Алматы қаласында орналасқан ғылыми зерттеу орталықтарына жіберетінбіз және бұл жұмыс зерттеудің нәтижесін күту бізге бірнеше апта уақытты талап етті. Бүгінгі таңда біз осы орталығымыздың өзінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, апталап емес, санаулы күндердің ішінде науқастарымыз нәтижесін алып, дер кезінде емін бастауға мүмкіндігін алды. 

Облыста жыл басынан бері 549 адамнан онкологиялық ауру анықталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға көп. Бүгінде өңірде қатерлі ісікке шалдыққан 6 мыңнан астам науқас диспансерлік есепте тұр. Дәрігерлер ауруды ерте анықтау мен дер кезінде емдеудің маңызы зор екенін айтады.


Бөлісу