Басты Жаңалықтар Тарихи жетістік: Физикадан 5 алтын

Тарихи жетістік: Физикадан 5 алтын

Қазақстандық оқушылар əлемдік физика олимпиадасында ел тарихында болмаған жетістікке қол жеткізді. Колумбияда өткен ең беделді халықаралық білім додасында ұлттық құраманың бес мүшесі де алтын медаль жеңіп алды. Тарихи жеңіспен елге оралған дарынды жастарды бүгін Алматы əуежайында жақындары, ұстаздары мен достары зор қошеметпен қарсы алды.

Бұл қошемет əлемдік олимпиададан тарихи жеңіспен оралған ел жастарына көрсетілді. Колумбияда өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында Қазақстан құрамасының бес оқушысы да алтын медаль иеленді. Əлемнің 85 елінен келген 381 қатысушы арасындағы бұл нəтиже – Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған жетістік. Ел қоржынына бес алтын бірдей түсті.

Дамир Құрман, халықаралық физика олимпиадасының алтын жүлдегері:

Біз ойладық, бізде күміс. Біз өзіміздің атымызды күтіп тұрдық. Содан кейін бізді күміске шақырмағанда, біз түсіндік, бізде алтын екенін. Бұл өте үлкен тосынсый болды. Болашақта мен теоретик физик болғым келеді. Докторантура, магистратура бітіріп, физиканы тереңірек оқығым келеді.

Нұргүл Егенбергенова, халықаралық физика олимпиадасының алтын жүлдегері:

Олимпиада маған қатты ұнады. Тапсырмалардың деңгейі өте жоғары. Мен осыған дейін Халықаралық физика олимпиадасына қатысқан болатынмын. Ол жылы, өкінішке қарай қола жүлде алдым. Одан кейін өзіме мақсат қойғанмын: келесі жылы бағымды сынап, алтын алуға тырысамын деп. Сондықтан өте бақыттымын.

Халықаралық физика олимпиадасы – əлемдегі ең беделді зияткерлік жарыстардың бірі. Мұнда мектеп бағдарламасын білу жеткіліксіз. Қатысушылар күрделі ғылыми теорияларды меңгеріп, жоғары деңгейдегі есептерді шешуі керек. Сондықтан, бұл алтын медальдар – баланың дарыны ғана емес, табандылық пен қажырлы еңбектің де нəтижесі.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Бұл мемлекетіміздегі дарынды балаларды қолдауға арналған жүйелі жұмыстың нəтижесін бергендігінің дəлелі. Бұрын-соңды болмаған халықаралық пəндік олимпиада жеңімпаздарына 2 миллионнан 6 миллион теңгеге дейін сыйақы беріледі. Осындай халықаралық пəндік олимпиадалардың жүлдегерлерін дайындаған ұстаздарға да қолдау сыйақысы қарастырылған. Халықаралық олимпиада жүлдегерлеріне біздің университеттерге конкурссыз, тегін түсу мүмкіндігі қарастырылған.

Қазақстан бұл олимпиадаға 1997 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама талай мəрте жеңіс тұғырына көтерілді. Бірақ бес қатысушының бесеуі де алтын медаль алған кез болған емес. Ұлттық құраманың жаттықтырушылары мұны еліміздегі олимпиадалық білім беру жүйесінің жаңа деңгейге көтерілгенінің дəлелі, - дейді.

Гүлия Нұрбақова, Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы:
Ең бірінші баланың өзінің табандылығы, еңбегі. Баланың томағасын сыпырып, физикаға деген қызығушылығын арттырған мектеп мұғалімдері, одан қала берді жеке жаттықтырушылары болуы мүмкін. Бізге жеткенше. Біз енді ұлттық құраманың бапкерлеріміз ғой. Олар бізге 7-сынып оқушылары болып келеді. 7-8-сыныпта республикалық деңгейде үлкен нəтижеге жеткен кезде, 9-сыныпқа өтеді. 9-сыныптың нəтижесі бойынша ұлттық құраманы жасақтаймыз.

Айта кетейік, былтыр дəл физика бағыты бойынша өткен додада бақ сынаған ұлттық құрама екі күміс жəне үш қола медальмен елге оралған еді.


Бөлісу