Басты Жаңалықтар Саясаткерлер мен партияларға бөлінетін қаржы қатаң бақыланады

Саясаткерлер мен партияларға бөлінетін қаржы қатаң бақыланады

Ұлыбритания үкіметі саясаткерлер мен партияларды қаржыландыру талаптарын күшейтпек. Мақсат – елдегі сайлауға сыртқы күштердің ықпал етуіне жол бермеу. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова толықтырсын.

Марина Бекенова, тілші:

Бұдан былай шетелден түсетін қаражат қатаң қадағаланады. Әсіресе, ірі көлемдегі аударымдар. Билік қыруар қаржының заңды жолмен келгеніне және оны аударған адамдардың немесе компаниялардың Ұлыбританиямен тікелей байланысы бар екендігіне көз жеткізгісі келеді.

Билік «Реформа» партиясы көшбасшысына қатысты бірнеше жағдайдан кейін осындай қадамға барып отыр. Шетелдік миллиардерлер мен криптоинвесторлар бір жылдың ішінде оңшыл популист Найджел Фарадж басқаратын партияға ондаған миллион фунт пен криптовалюта аударғаны белгілі болды. Саясаткер бұл айыптаулармен келіспейді.

Найджэл Фарадж, Reform UK партиясының көшбасшысы:

Біріншіден, менің кешірім сұрайтындай ешқандай да ретім жоқ. Заңды да, парламенттік ережелерді де ешқашан бұзған емеспін. Бірақ БАҚ беттерінде менің есімім үнемі аталып, үстімнен шағым түсе бергендіктен өзімді алаяқ сезінемін.

Биліктегілерді қисапсыз қаражаттың ағыны алаңдатады. Үкіметтегілердің пікірінше, сайлаудың ашықтығын қамтамасыз етіп, саяси жүйені мысықтілеу күштердің араласуынан қорғамаса болмайды.

Саманта Диксон, Ұлыбританияның жергілікті басқару істері жөніндегі министрінің парламенттік орынбасары:

Ұлыбританияда шетелдік күштердің араласуын анықтап, оның алдын алуға бағытталған мықты жүйе қалыптасқан. Бірақ қауіп-қатердің түрі күнде өзгеріп жатыр. Сондықтан біз де жылдам әрі қатаң әрекет етуіміз керек.

Кандидаттар 2230 фунттан асатын кез-келген қайырымдылық аударымы туралы декларация тапсыруға міндетті болады. Сондай-ақ жаңа ережелерге сәйкес партияларға сырттан 100 мың фунттан артық ақша тартуға тыйым салынады.

Бөлісу