Түркістан облысында ағын су каналдары мемлекет меншігіне қайтарылды
Түркістан облысының Шардара ауданында жекеменшікке өтіп кеткен каналдар мемлекет меншігіне қайтарыла бастады. Ұзындығы 69 шақырымды құрайтын арық-атыздар жылдар бойы жөнделмей, тазаланбағандықтан, диқандар ағын судан қиындық көріп келген. Енді 8 канал жауапты мекеменің қарамағына өтіп, оларды жөндеп жатыр. Айнұр Әбілқасымқызы толықтыарды.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіретін Достық ауылы үшін ағын су жылдар бойы өзекті мәселе болып келді. Негізгі каналдар мен ішкі су жүйелерінің дер кезінде тазаланбауы жағдайды одан сайын ушықтырды. Оның үстіне арық атыздар бетондалмағандықтан су жерге сіңіп, жүздеген гектар жер игерусіз қалған. Шаруалар каналдарды өздері тазалап, көп шығынданатынбыз дейді.
Маратбек Батырханов, шаруа:
Каналдар ремонт көрмеген. Оның үстіне шұрқ тесік болған. Каналдардың цементтері орнынан көшкен. Содан кейін зәктеп су өтеді дағыны, каналдың діттеген жеріне су жетіп бара алмайды. Содан кейін жан жақтағы шаруалардың жеріне зәк көтеріліп кетеді. Сонымен шаруалар 500 гектар жердің 200 гектарын игеріп жатты.
Ақшеңгелді ауылдық округінде 7,5 мың гектар егістік жер болса, қазір соның 4,5 мың гектары ғана игерілуде. Оған да каналдардың қараусыз қалғаны себеп. 500-ден аса шаруа қожалығы каналдарды жалға алып, бар шығынды өздері көтеріп келген. Енді мемлкет қарамағына өтсе, бейнеттен құтыламыз деп қуанышты.
Бауыржан Абибулла, шаруа қожалығының төрағасы:
Осы кезге дейін канал бізге негізі ауылға, СПК-ға жалға беріліп келді. Жалға аламыз да, қалған шығынның барлығын өзіміз көтереміз. Ремонты бар, тазалауы бар. Жекеменшіктен мемлекетке өтетін болса, біз жалға ақша төлемейміз. Шығын азаяды. Тек су ақысын ғана төлейді.
Биылдан бастап ауылдық округтегі бес канал коммуналдық меншікке өтіп, «Қазсушар» мекемемесінің қарамағына берілмек. Бұл өз кезегінде аудандағы ағын су тапшылығын жойып, суармалы жерлердің тиімділігін арттырады. Әрі ағын су көлемін үнемдеуге мүмкіндік береді. Мамандар қазір кезең кезеңімен каналдарды қайтару үшін құжаттарын рәсімдеуде. Бірқатары осы бастан жөнделіп жатыр.
Нұрбақыт Нұрсейітов, Шардара аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Ақшеңгелді және Тұрысбеков ауылдық округтерінде каналдар жөнделуде, РШ-1, РШ-2, РШ-3 каналдары. Жалпы 6 млрд-қа жуық қаржы бөлінген бүгінгі таңда. Аталған каналдардың жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін 910 гектарға жуық жер қайта айналымға қосылатын болады.
Өңірде әзірге Шардара ауданында ғана каналдарды мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Мамандар алдағы уақытта өзге аудан-қалаларда да арық-атыздар түгендеп, мемлекет қарауына өткізуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы