Басты Жаңалықтар Жарты жылда ел қазынасына 8,5 трлн теңге табыс түсті

Жарты жылда ел қазынасына 8,5 трлн теңге табыс түсті

Бүгін Үкімет республикалық бюджеттің атқарылу барысын қарады. Жауаптылардың есебінше, экономикада өсім бар, ал қазынаға түсім артығымен орындалды. Жарты жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын әріптесім Асылбек Данияр тындап келді.

Жарты жылда ел қазынасына 8,5 триллион теңге табыс түсіп, жоспар артығымен орындалды. Бұл былтырғыдан дерлік 25 пайызға көп, дейді Қаржы вице-министрі. Түсімнің негізгі бөлігі салықтан жиналған ақша. Салық түсімі өткен жылмен салыстырғанда бірден 29 пайызға өскен. Мамандар мұны экспортқа шығатын тауарлардың қымбаттауымен және сыртқы сауданың жандануымен түсіндіреді. Ал республикалық бюджет шығыстары 99,6%-ға атқарылған. Бұдан бөлек, Ержан Біржанов шағын кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан үлкен жеңілдік жасалғанын мәлімдеді. Салық төлегенде қателесіп, үстіне өсімпұл мен айыппұл жинап алған мыңдаған кәсіпкердің қарызы кешірілген.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:

«Таза парақ» бастамасы бойынша 19 мың шағын және микробизнес субъектісі үшін 9,3 млрд теңге өсімпұлдар мен айыппұлдар алып тасталынды. Ағымдағы жылы алты ай ішінде бұрын тіркеу есебінде болмаған шамамен 546 мың жеке тұлға заңдастырылды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ескере отырып, бизнес субъектілерінің саны 2,9 млн-ға жетті және жыл басынан бері тағы 999 мыңнан аса субъектіге ұлғайды.

Жарты жылда ел экономикасы 4,1%-ға өсті

Жыл басынан бері ел экономикасы 4,1%-ға өсті. Қуантарлығы, бұл көрсеткіштің басым бөлігі мұнайға емес, отандық өндіріс пен күнделікті қызмет көрсету салаларына тиесілі. Сонымен бірге, халықтың табысы артып, жұмыссыздар саны қысқарған. Қазір нарықта шамамен 9 жарым миллион адам еңбек етсе, тең жартысы - шағын және орта бизнесте жұмыс істейді. Оң динамиканың сақталуына инвестиция көлімінің өсуі ықпал етіп отыр, дейді Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі. Бұдан бөлек, ол соңғы 5 айда сыртқы сауда айналымы 56 миллиард доллардан асқанын, бюджеттің кірісі шамамен 16%-ға өскенін жеткізді. Қосылған құн салығы бойынша кірістер былтырмен салыстырғанда бір жарым есе артқан.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

Алты айда кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2 млн 939 мыңға жетті. Оның 688 мыңнан астамы өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар. Жалпы осы уақыт аралығында жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатары 1 млн 860 мыңнан 2 млн 352 мыңға дейін көбейді. Ал қосылған құн салығын төлеушілер саны 135 845-тен 158 194-ке дейін өсті.

Үкімет басшысы экономиканы одан әрі дамыту үшін жауаптыларға бірқатар тапсырма берді

Үкімет басшысы Олжас Бектенов өсу көрсеткішінің қарқынын бәсеңдетпеуде, қолда бар ресурстарды толық пайдалану керегін айтты. Сондай-ақ экономиканы одан әрі дамыту үшін жауаптыларға бірқатар тапсырма берді. Өнеркәсіп және құрылыс министріне 1 айдың ішінде металлургия саласын ынталандыруға арналған қосымша тетіктерді әзірлеу жүктелді. Сонымен бірге, 1 аптада барлық инвестициялық жобаны тексеріп, проблемаларды анықтап шешу жолдарын айқындау керегін айтты.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Өнәркәсіп министрлігі 1 ай ішінде жаңа тетіктерді іске қосу үшін Үкіметке тиісті түзетулер жобасын енгізсін. Құрылыс жұмыстарының өсу қарқынын сақтап тұрғын үйді пайдалануға беру мәселесін ерекше бақылауда ұстау қажет. Әрбір нысан бойынша тұрақты мониторинг жүргізіліп, туындайтын мәселелер жедел түрде шешілуі тиіс. Мемлекет басшысы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар алуға арналған ауқымды бағдарламаны қолға алуды тапсырды. Бұл бастама жақын арада ел тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Премьер-министр Энергетика министріне мұнай-газ өндірудің жоспарланған көрсеткішіне қолжеткізу үшін жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөз жүргізіп, нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен бірге, көмірді қайта өндіру бойынша жеке инвестиция тарту керегін айтты. Ал ҚТЖ мен Көлік министрлігіне жыл соңына дейін темір жол құрылысы мен вокзалдарды жаңғырту жұмысын аяқтауды жүктеді. Олжас Бектенов «Самұрық-Энерго» басшылығына Алматыдағы ЖЭО-3-ті жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Тапсырма орындалмаса, жауапкершілік бар екенін ескертті. Сондай-ақ еліміздегі жалпы тауар айналымы 70%-дан астан бес өңірдің әкіміне 1 айда Сауданы дамытудың өңірлік жол карталарын әзірлеуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігі «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, мақта өңдеу кәсіпорындарын жаңғыртуға және қант қызылшасын тасымалдауға инвестициялық субсидиялау тетігін енгізуді жүктеді.

Бөлісу