Халықаралық этнофестивальге 50 мыңға жуық адам келді
Шығыстағы Катонқарағай ауданында ұйымдастырылған халықаралық этнофестиальге биыл 50 мыңға жуық адам жиналды. Алтайдың асқақ шыңдары мен тұмса табиғаты арасында өткен мәдени шарада Димаш Құдайберген де ән шырқады. Дәстүрлі фестиваль түбі бір түркі жұртының әдебиеті мен мәдениетін насихаттап, рухани құндылығын дәріптеуге арналды.
Жылқы. Ұста. От. Осы үшеуі түркі мәдениетінің негізгі құндылығы. Сондықтан халықаралық этно фестивальде көшпелі жұрттың көне дәстүрі цифрлы ғасырмен байланысты. Алтайдан төрт тарапқа тараған бауырлар биыл сол Алтайда тағы тоғысты.
Екі күн Алтай аспанында ән асқақтап, жыр төгілді. Ақпарат және мәдениет министрлігінің қолдауымен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастырған шараның биыл мәніне сәні сай болды.
Алтайдан ескен желмен бірге қурайлатып тұрған Земфира башқұрт қызы. Ол бұл өлкеге алғаш рет аяқ басқан. Фестивальде өзі жетекшілік ететін этно топпен бірге өнер көрсетті.
Земфира Рашитова, Hazina этно тобының жетекшісі:
Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Фестивальге бізді бірнеше ай бұрын шақырды.Табиғаты қандай?! Таң қалып,таңдай қағып жатырмыз.
Нұрымбет Сақтағанов, облыс әкімі:
Біздер үшін Алтай өткеннің ескерткіші ғана емес, бүгінгі бауырлас халықтарды ортақ құндылықтар төңірегіне ұйымдастыратын рухани өзек. Сол себепті осынау киелі мекенде ұйымдастырып отырған халықаралық музыка фестивалі тағдыры ортақ түркі халықтарының рухани сабақтастығын айшықтайтын тарихи оқиғаға айналып отыр.
Тарихқа тағзым арқылы болашаққа қадам жасалады. Ортақ мүддеге тоғысқан бауырлас елдердің құндылығын дәріптеуге арналған фестивальді тамашалауға шет елдер мен Қазақстанның барлық облысынан мыңдаған турист келді. Алтайдың аясына алпысқа жуық киіз үй тігіліп, шатырдан қалашық құрылды.
Қайрат Ырысдәулетов, Түркістан облысының тұрғыны:
Бұл жерден жататын орын тимейді-ау деген оймен арнайы шатыр алып келдік. Дала жағдайында. Суымыз, әжетханамыз бар. Керемет бәрі.
Кереметті тек көзбен көру керек. Оған қоса Димаш Құдайберген келетінін естіген жұрт түгел Алтайды бетке алды. Димаштың арқасында биылғы фествальдің үні әлемге жетті. Ал Димаш елімізде алғаш рет аудан орталығында жеке концерт қойды. Үні Мұзтауды жаңғыртты. Жиналған жұрт Алтайда таң ағарып атқанша тарқамады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы