Kaspi.kz Джеки Чанның елімізде түсірілетін жаңа фильміне бас серіктес болды
Елімізде халықаралық деңгейдегі ауқымды киножоба қолға алынды. Әлемге әйгілі актер Джеки Чанның қатысуымен «Құдайдың сауыты: Ультиматум» фильмінің түсірілімі басталды. Халықаралық жобаға Kaspi.kz бас серіктес болып, картинаның түсірілім жұмыстарына қолдау көрсетпек.
Алматыда «Құдайдың сауыты: Ультиматум» фильміне арналған баспасөз конференциясы өтті. Іс-шара барысында Kaspi.kz басшысы әрі тең құрылтайшысы Михаил Ломтадзе әлемге әйгілі актер Джеки Чанға Kaspi Gold картасын табыстады. Оның айтуынша, бұл сыйлық актердің елімізге тез бейімделіп, түсірілім кезінде өз үйіндегідей еркін әрі жайлы сезінуіне сеп болмақ.
Михаил Ломтадзе, Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі:
Джеки Чанды Қазақстанда қарсы алып, оның жаңа фильмінің түсіріліміне қолдау көрсету – біз үшін үлкен қуаныш. Бұл жоба елімізге әлемнің назарын аударып, Отанымызды жаңа қырынан көрсетуге мүмкіндік береді. Осы ауқымды жобаның бір бөлігі болуға мүмкіндік бергені үшін Sәlem Entertainment пен Adal Investments компанияларына алғысымызды білдіреміз.
Фильмнің түсірілімі Маңғыстау және Алматы облыстарында, сондай-ақ Алматы, Астана, Түркістан қалаларында өтеді. Түсірілімнің бір бөлігі Гонконгта жалғасады. Ал еліміздің көркем табиғи локацияларын Джеки Чан өзі таңдаған.
Іс-шара барысында Джеки Чан Қазақстанға келгеніне қуанышты екенін айтып, жаңа фильмнің түсірілімін асыға күтетінін жеткізді. Сондай-ақ жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен серіктестерге алғысын білдірді.
Джеки Чан, актер, режиссер және продюсер:
Осы жерде болғаныма, Қазақстанға қайта оралғаныма өте қуаныштымын. Ең алдымен Kaspi.kz және Sәlem Entertainment-ке, режиссерға және осы жобаның жүзеге асуына аянбай еңбек сіңірген барша жанға шын жүректен алғысымды білдіремін.
Киноның картинасы Голливуд, Гонконг, Қазақстан және өзге де елдердің кәсіби мамандарын біріктіріп отыр. Продюсерлердің айтуынша, бұл халықаралық деңгейдегі ірі киножоба әрі отандық кино индустриясы үшін маңызды тәжірибе болмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы