Басты Жаңалықтар Грант конкурсына құжат қабылдау басталды

Грант конкурсына құжат қабылдау басталды

Бүгіннен бастап мемлекеттік грант конкурсына құжат қабылдау басталды. Талапкерлер өтінімді университетке барып не болмаса eGov порталы арқылы бере алады. Науқан 20 шілдеде аяқталады. Биыл қанша грант бөлінді? Мамандықтардың шекті балында өзгеріс бар ма?

Асылбек Данияр, тілші:

Тегін оқуға әркімнің де бар таласы. Бүгіннен бастап барлық жоғары оқу орнында қабылдау комиссиясы жұмысын бастады. Грант конкурсына қатысу үшін талапкер: жеке куәлік, ҰБТ сертификатын, 3х4 көлеміндегі фото, аттестат яки дипломын тапсыру керек. Медицина мен педагогикалық мамандыққа түсуге ниеттілер арнайы емтиханның нәтижесін қоса береді. Сонымен бірге жеңілдік санатына жататындар қосымша құжаттарды ұсынуы қажеті. Ол: көпбалалы отбасының мүшесі, жетім бала, мүгедектігі бар азамат, толық емес жанұяның мүшесі. Құжат тапсыру кезінде талапкер 18 жасқа толмаса, ата-анасы немесе заңды өкілі бірге баруы керек.
Ал eGov.kz порталы арқылы өтініш беру үшін алдымен авторизациядан өту шарт. «Азаматтарға» бөлімін таңдап – «Білім» – сосын «Жоғары білім» бөлімін ашу керек. Әрі қарай «Білім беру гранттарын беру...» қызметін таңдау қажет. Әуелі талапкер немесе заңды өкілі байланыс деректерін толтырып, білімі туралы ақпарат береді. Келесі бетте өз санатына қарай квота түрін көрсетеді. Соңғы маңызды қадам, ҰБТ сертификатын жүктеп өзі қалаған 4 университет пен мамандықты таңдайды. Барлық деректі тексеріп, электронды цифрлық қолтаңба арқылы қол қояды.
Конкурсқа қатысу үшін кей мамандықтардың шекті балы бар. Ол өзгерген жоқ. Мұғалім немесе заңгер болғысы келгендер кемі 75 балл, «Денсаулық сақтау» бағытын таңдаған талапкерлер 70, «Ауыл шаруашылығы» және «Ветеринария» үшін 50 балл болу керек. Құжат қабылдау 20 шілдеде аяқталады. Ал мемлекеттік білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.
Айта кетейік, биыл 233 мың талапкер ҰБТ тапсырды. Оның 177 мыңға жуығы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл: 69. Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері осы жылы бакалавриатқа 75 мыңнан астам грант бөлінгенін хабарлады. Көпшілігі: техникалық, педагогикалық, денсаулық сақтау мамандықтарына бағытталған.
Бөлісу