Аптап ыстық экономикаға кері әсер етті
Күннің қызуы Тұманды Альбион экономикасына қыруар шығын әкелуі мүмкін. Әсіресе, Ұлыбритания астанасында орналасқан кәсіпорындарға оңай болмайын деп тұр. Ғимараттардың іші қапырық, өйткені ауа баптағыш жоқ. Қызметкерлер тез шаршап, жұмыс өнімділігі төмендеп барады.
Марина Бекенова, тілші:
Ұлыбританияда аптап ыстықтың үшінші толқыны басталды. Бүгін елдің кейбір аймақтарындағы ауа температурасы Цельсий бойынша 36 градусқа дейін көтерілді. Ылғалды климат үшін бұл өте жоғары көрсеткіш. Ғалымдар жағдай жылдан жылға қиындай түседі деп ескертеді.
Жаһандық жылынудың салдарынан қапырық күндер бұрынғыдай 3-4 күнге емес, бірнеше аптаға созылып жүр. Ал кеңселерде ауа баптағыш жоқ. Оны тек Лондонның бизнес-экожүйесіне орнату үшін 440 млн фунт керек. Сарапшылардың айтуынша, қазірден бастап қамданбаса, 2030 жылға қарай қала экономикасына жыл сайын 200 млн фунттан астам шығын келуі мүмкін.
Мамандар қала тұрғындарының денсаулығы да сыр бере бастайды деп алаңдайды. Мәселені шешу үшін әлеуметтік тұрғын үйлерді жаңғырту және жасыл аймақтарды көбейту ұсынылып отыр.
Анна Маврогианни, Қоршаған ортаны жобалау және инженерия институтының профессоры:
Жаңа және бұрыннан бар үйлерді жобалағанда олардың қыста жылуды сақтап отыруына мән берілген. Ал жазда баспананың қызып кетуі мүмкін екендігі мүлдем ескерілмеген.
Өткен айдың соңында тіркелген рекордтық аптап ыстық Лондон экономикасына кері әсерін тигізіп үлгерді. Ол кезде ірі корпорациялар қызметкерлеріне үйден жұмыс істеуге рұқсат беруге мәжбүр болғаны белгілі. Салдарынан жазда онсыз да клиенті азаятын пабтар мен мейрамханаларға адам бармай қойды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы