Басты Жаңалықтар Табиғат жанашырлары бұлақ көзін тазартты

Табиғат жанашырлары бұлақ көзін тазартты

Бұлақ көрсең – көзін аш. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында «Мөлдір бұлақ» республикалық акциясы ұйымдастырылды. Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен, облыс әкімдігінің қолдауымен өткен шарада еріктілер қайнар көзін көң-қоқыстан тазартып, ағаш түбін әктеді.

Тасқала ауданы – жерасты суына бай өлке. Әрі киелі жерлер тізіміне енген туристік нысандары да көп. Табиғат мұрасын таза ұстап, келешекке аманат ету үшін үлкен-кіші бұлақ басынан табылды. Еріктілер қураған тал-теректі кесіп, аумақты күл-қоқыстан арылтты.

Бақтығұл Тасмағамбетов, еңбек ардагері:

Ардагерлер бас қосып, осы жұмыстың басы-қасында боламыз. Жастарға үлгі болып, еңбегімізді көрсетіп, жастар соны жалғастырсын деп ойлаймыз.

Ирада Әбілқайырова, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының мүшесі:

Туған ауылымызды таза ұстау бұл – жастардың міндеті. Біз тек ағаш егіп, шөп жұлып қоймай, өзен-көлдерді тазартумен айналысамыз. Алдағы уақытта осы жұмыстарды жалғастыра береміз. 

Ауданда Тасқала ауылының тұсында Деркөл өзенінің түбі тазартылып әрі тереңдетіліп жатыр. Аймақта су қоймалары мен каналдарды жөндеу, қалпына келтіру кестеге сай қолға алынды. Барлығы 48 гидроқұрылым республикалық меншікке берілді.

Жандос Сәлімов, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі:

Су қоймаларының біз жобалау-сметалық құжаттамаларын жасап жатырмыз. Оның ішінде қазіргі таңда республикалық меншікке беріліп жатқандары бар. Ертең болашақта республикалық деңгейде осы жұмыстар атқарылатын болады. Оның ішінде су қоймалары құрылысы және реконструкциялау жұмыстары бар.

Биыл «Таза өлке», «Мөлдір бұлақ», «Жасыл болашақ» акцияларына 85 мыңнан астам адам қатысқан. Олар 17 мың гектар аумақты тазартып, 36 мыңнан астам көшет отырғызған.


Бөлісу