Басты Жаңалықтар Шілденің аяғына дейін аптап ыстық болады

Шілденің аяғына дейін аптап ыстық болады

Қызылорда облысында алдағы күндері аптап ыстық  күшейеді. Синоптиктер тұрғындарға СМС ескертулер жіберіп жатыр. Өңірдің оңтүстік аумақтарында ауа-температурасы бүгін 47 градуссқа дейін көтерілді. Көлеңкенің өзі сая болудан қалған аймақтан тілшіміз Әділбек Серікұлы дәл қазір бізбен тікелей байланысқа шығып тұр.

Әділбек Серікұлы тілші:

Күндіз қалада адам қарасы азайып, тұрғындар ми қайнатар ыстықта барынша үйден шықпауға тырысып жатыр. Әсіресе, түскі уақытта күннің көзі от шашып тұрғандай әсер қалдырады. Көшелерде бағдаршамдардың өзі жиі істен шығып қалып жатыр. Трансформаторлар шамадан тыс жүктемені көтере алмай электр энергиясын үздіксіз беру жағы да қиын болып тұр. Сондықтан, барлық коммуналдық мекемелер күшейтілген рижимде жұмыс істеп, қала тұрғындарының ауыз су, жарықтан ажырамауын қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек етіп жатыр. Су айдындарында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері кезекшілік құрып, түнгі 11-ге дейін суға түсуге келген адамдардың қауіпсіздігін бақылауға алған. Жалпы аптап ыстықта жедел-жәрдем қызметінің де жұмысы қыза түсті. Облыс төңірегінде күніне мыңнан аса шақырту тіркеліп отыр. Ал Қазгидромет мамандары бұл Өзбекстаннан келген циклонның әсері екенін және қатты ыстық шілденің үшінші он күндігінде басылатынын айтады.

Аптап ыстықта коммуналдық мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр

Шымкентте де аспан айналып жерге түскендей, аптап. Казгидрометтің мәліметінше, алдағы күндері ауа температурасы бұдан да жоғарылайды. Осыған байланысты жауапты қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп, жұртшылыққа қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертеді. Аймақтағы әріптесім Ернұр Уәлихан тікелей байланыста, Ернұр қазіргі ахуал қандай?

Ернұр Уәлихан, тілші:

Шілденің ыстығы ығыр қылды  тұрғындарды. Ыстықтың беті қайтар емес. Синоптиктердің болжамынша, апта соңына дейін жауын-шашын жоқ,  күндіз сынап бағаны 45 градусқа дейін көтеріледі. Тұрғындардың жайлылығы үшін арнайы техникалар көшелерге су бүркіп, кешке дейін шаһарды аралайды. Осылайша жол жабынының қызуын төмендетіп, қаладағы қапырықтың әсерін азайтуға күш салып жатыр. Ал біз тұрған Қошқар ата өзенінің бастауы – қаладағы шомылуға рұқсат етілген үш орынның бірі. Сағат кешкі сегізден асса да мұнда сая іздеп, салқындауға келгендер толастар емес. Құтқарушылар тұрғындарды тек рұқсат етілген орындарда ғана суға түсіп, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Себебі шомылу маусымы басталғалы екі бала суға батып көз жұмды. Жауаптылардың айтуынша, екі жағдайда да балалар ересектердің қарауынсыз қалған. Ал ауа температурасының жоғарылауына байланысты денсаулығына шағымданып ауруханаға түскендер әзірге тіркелмеген. Жедел жәрдем қызметі штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Дегенмен дәрігерлер күндіз мүмкіндігінше сыртта ұзақ жүрмеуге, көбірек су ішіп, тікелей күн сәулесінен сақтануға кеңес береді.
Бөлісу