Басты Жаңалықтар Алматыдағы Республика алаңы жаңарды

Алматыдағы Республика алаңы жаңарды

Алматының нышанына айналған Республика алаңы түбегейлі жаңарып, жаңа келбетке енді. Бұрын көлік қозғалысына көбірек бейімделген аумақ енді тұрғындар еркін серуендеп, демалатын жайлы мекенге айналды. Жасыл желек көбейіп, жаяу жүргіншілерге қолайлы жаңа орта қалыптасты.

Бүгінде Республика алаңы жаңа кейіпке енген. Жасыл желекке оранған аллеялар, кең жаяу жүргінші жолдары, гүлзарлар мен тынығу орындары тарихи алаңның сәнін келтіріп тұр. Жалпы аумағы 4,5 гектар алаң толық жаңғыртылып, инженерлік желілер, сыртқы жарықтандыру және автоматты суару жүйесі жаңартылды. Кешкі уақытта сәулеттік жарық тарихи алаңның ажарын айшықтай түседі. Бастысы қалалықтардың көңілінен шығыпты.
Жаңартылған алаңда балалар ойын алаңдары, екі амфитеатр, серуендеу және велосипед жолдары салынды. Ең көзтартар өзгерістердің бірі – сәндік сегіз су айдыны. Бұрынғы субұрқақтар толық жөнделіп, жаңасы іске қосылды. Аумаққа орындықтар, жарық шамдары, велотұрақтар және ландшафтық сәулет элементтері орнатылды. Сондай-ақ Сәтбаев көшесі бойынан жаңа автобус аялдамасы ашылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды.

Батырхан Сүлейменов, қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының басшысы:

Бұл жерде абаттандыру жұмыстары кешенді жүргізілді. Бас-аяғы үш айдың ішінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Биіктігі 6 метрден асатын, 250-ге жуық ірі ағаш, 80 мыңға жуық бұта және көпжылдық өсімдік отырғызылды. Балаларға арналған екі алаңқай жасадық. Кешкі уақытта да мұнда өте жарық. Ал алаңдағы жеке сауда үйі мемлекет меншігіне өтіп, ол жерде балаларға арналған сингапурлық концепцияға негізделген ғылыми мұражай болады. Дәл сол жерге өтетін жерасты өткелдері де қарастырылған.

Осылайша, Республика алаңы қалалықтар мен қонақтарға жайлы етіп жасалды. Енді таңғы жүгіру, кешкі серуен, балалардың ойын алаңқайы мен мәдени іс-шаралар тоғысатын бұл мекен алматылықтардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналмақ.


Бөлісу