Басты Жаңалықтар Баянауылда «Мөлдір бұлақ» акциясы өтті

Баянауылда «Мөлдір бұлақ» акциясы өтті

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында еліміздің оңтүстігінде басталған «Мөлдір бұлақ» шарасының екінші кезеңі Баянауылда жалғасты. Бұл күні тек қана Ертіс-Баян емес, еліміздің 12 өңірінде табиғи бұлақтар мен су арналарының көзі тазартылып, күтім жасалды. Шараға Павлодардағы меншікті тілшіміз Болат Аманбаев куә болды.

«Мөлдір бұлақ» акциясының бірінші кезеңі наурыз айында Шымкентте өткен. Су ресурстары және ирригация министрлігі ұйымдастырды. Ал, бұл жолы бірден 12 өңірде өтті. 13 мыңға жуық адам қатысып, бір күнде 40-қа тарта табиғи бұлақ пен су арналарының көзін ашып, тазалады.
Нұржан Нұржігітов, Су ресурстары және ирригация министрі:
Су ресурстарын үнемдеуді ұтымды пайдалану мәселесіне назар аударту. Мемлекет басшысы өз сөзінде айтқан біз мынау су пайдалану барысында оны үнемдеудің жаңа мәдениетін қалыптастыруымыз керек деген. Сондықтан министрлік осы бағытта белсенді жұмыстар жүргізіп жатыр.
Қазір ел тұрғындарының табиғатты қорғауға, оны аялап ұстауға деген көзқарасы ерекше. Мәселен, былтырдан бері еліміздің барлық мектебінде дәріс оқылады. «Су ізі», «Болашақ қайнар» деген бағдарламалар бар. Павлодар облысында биылғы жылдың өзінде 40-тан аса саябақ жаңартылды. Өзен-көлдердің жағалауы тазартылып, абаттандырылды. «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында 18 бұлақтың көзі ашылып, 80 тонна қоқыс шығарылды.
Нұрайлым Мисадат, Баянауыл аудандық «Жасыл ел» жасағының мүшесі:
Өзіміздің болашаққа және басқа жастарға үлгі болатындай көмек көрсеттік деп санаймыз. Біз барлығымыз «Таза Қазақстан» акциясы бойынша жұмыс атқарып, бұлақтың көзін ашып, біздің жастар атынан өз үлесімізді қостық.
Серік Ысқақов, Баянауыл ауданының тұрғыны:
Ең үлкен бұлағымызды тазалап жатқанына үлкен рақмет айтқым келеді. Өйткені, мына жастардың өздеріне қалатын нәрсе ғой. Осы бұлақтың қасында бала кезімізден өстік. Мына бұлақ бізге өте-өте жағымды әрі сүйкімді.
Біздің елде суды негізінен ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік сала көп тұтынады. Бұл ретте өндірістік кәсіпорындарға алдағы екі жылда пайдаланған суды қайта тұтыну міндеттеледі. Бұл суды 30 пайызға үнемдеуге мүмкіндік береді.


Бөлісу