Басты Жаңалықтар Алматыда 11 мың адам баспаналы болады

Алматыда 11 мың адам баспаналы болады

Алматыда 885 отбасы жаңа пәтердің иесі атанды. Баспана кілтін табыстау рәсіміне қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. Шаһар басшысы тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты екенін атап өтті.

Алтынай Келменбетова тұрғын үй кезегінде он жылдан бері тұрған. Осы уақытқа дейін жалдамалы пәтерде жүріп, баспанаға мұқтаж болған жалғызбасты ана екі бөлмелі үй алды.
Алтынай Келменбетова, Алматы тұрғыны:

Осындай үй алғаныма өте қуаныштымын. Барлығыңызға рахмет. Білмеймін басқа не айтатынымды, барлығымызға жұғысты болсын.

Биыл Алматыда тұрғын үй кезегіндегі 11 мыңнан астам адам баспаналы болады. Алғашқы кезеңде 885 пәтер берілсе, екінші – 1832, үшіншісінде – 670, ал төртінші кезеңде тағы 6161 пәтер табысталады. Бұдан бөлек, 1298 тұрғынға жеңілдетілген несие бағдарламалары арқылы баспана сатып алуға мүмкіндік беріледі. Ал кемінде 1650 жас маман «Алматы жастары» бағдарламасына қатыса алады.

Дархан Сатыбалды, Алматы қаласының әкімі:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Соның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары яғни, нағыз мұқтаж жандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету басты назарымызда.

Бұдан бөлек, қалада мемлекеттік қолдаудың қосымша тетіктері де қарастырылған. Әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға ипотекалық несие рәсімдеу кезінде бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеу үшін тұрғын үй сертификаттары беріледі. Биыл осындай 200 сертификат табыстау жоспарланып отыр дейді қала әкімдігі.


Бөлісу