«Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі өтті
Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестиваліне қатысады. Шығыстағы Катонқарағай ауданында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын мәдени шара түбі бір түркі жұртының рухани құндылығын дәріптейді. Биылғы фестивал ақын Ақтан Нұрбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналды. Фестиваль аясында еліміздің әр өңірінен жиналған ақындар екі күн бойы Алтайды жырға бөледі.
Ақтан Нұрбаевқа арналған поэзия фестивалінде ақындар лаулаған ошақтың қасында жыр оқыды. Облыс әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған әдеби кешке ақын Ақтан Нұрбаевтың әулеті демеуші болды.
Нұрымбет Сақтағанов, облыс әкімі:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев руханият ұлттың тірегі деп, ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамытуға әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Елдің еңсесін биіктететін оның рухы. Ал ұлттың өзегі әдебиет пен өнер.
Ержан Ақтанов, Ақтан Нұрбавтың ұлы:
Ер азамат мықты болу үшін не болу керек? Бірінші кімнен тудың? Екінші кімнен үйрендің? Үшінші кімге үйлендің? Осы үшеуі орындалса, жолың болады, дейді ғой. Әкемізге мың да бір рахмет! Әкенің азығы балаға 40 жыл азық болады деген осы.
Жыр додасына еліміздің бірнеше өңірі мен шығыстың өз шайырлары қатысты. Фестивалге қатысқан 16 ақынға 500 мың теңгеден қаламақы берілді.
Индира Кереева, ақын:
Шырайлы шығыстың осындай ұлт идеологиясына қосып жатқан керемет үлгісі әрі қарай жалғасын таба берсін.
Айтыс ақындары Ақтан Нұрбавты айтысқа арқау етті. Оған елдің әр өңірінен 12 суырып салма ақын қатысты. Ал ат шабарда түрлі қашықтықта бәйге де өтті.
Түркі жұртының рухани құндылығын ұлықтауға арналған фестивалде 9 мемлекеттің жұлдыздары өнер көрсетіп жатыр. Қорытынды концертті бүгін Димаш Құдайберген түйіндейді. Халықаралық мәдени шараны көруге алыс-жақыннан 30 мыңға жуық адам жиналған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы