237 мыңнан аса науқас онкологиялық скринингтен өтті
Алматыда скринигтің арқасында 215-тен аса науқастан қатерлі ісіктің ерте сатысы анықталды. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Жалпы жыл басынан бері 237 мыңнан астам тұрғын онкологиялық скринингтен өткен. Мамандардың айтуынша, ауруды бастапқы кезеңде анықтау емнің тиімділігін едәуір арттырады. Сондықтан кез келген тұрғын скринингтен тіркелген емханаларда тегін өте алады. Тіпті, медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар үшін де қолжетімді. Жыл басталғалы Алматы онкология орталығында 14 мыңнан астам пациент мамандандырылған медициналық көмек алды. Дәрігерлер 1 100-ден астам операция жасап, олардың жартысынан көбін аз инвазиялық әдіспен орындады. Сонымен қатар 12 мыңнан аса науқасқа химиотерапия жүргізіліп, 500-ге жуық пациент сәулелік терапия курсынан өтті. Дәрігерлердің айтуынша, онкологиялық көмектің диагностикадан бастап емдеуге дейінгі толық көлемі мемлекет есебінен тегін көрсетіледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы