Абай полиция бөлімінің жаңа әкімшілік ғимараты ашылды
Оралда Абай полиция бөлімінің жаңа әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Облыстық полиция департаменті қылмысты ашу, алдын алу рейтингінде үздік үштікке енген. Бұл – құқық қорғау органдарына жасалған мемлекеттік қолдаудың оң нәтижесі.
Абай полиция бөлімі бұған дейін жөндеусіз, жалға алынған орында жұмыс істеп келген еді. Енді қаланың қақ ортасында, іші-сырты заманауи жаңартылған еңселі ғимаратқа көшті. Аймақта соңғы 3 жылда бұл салаға облыстық бюджеттен 7,2 млрд теңге қаражат бөлінген. 400-дей қызметтік көлік сатып алынған.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
Жаңа Ата заң азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауды басты орынға қояды, ал «Заң мен тәртіп» қағидатын бұлжытпай орындау – полиция қызметкерлерінің тікелей міндеті. Абай полиция бөлімі ғимаратының қолданысқа берілуі – жергілікті атқарушы органның қолдауымен іске асырылған нәтижелі жұмыстардың жарқын көрінісі.
Сәулетті ғимаратта кезекші бөлім, азаматтарды қабылдау бөлмесі, жауынгерлік даярлық кабинеті, мәжіліс залы, өзге де қызметтік бөлмелер бар. Қажетті техникамен де қамтылған. Мұнда 150-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Бөлім құрамында 110 мың тұрғынды қамтитын 7 полиция пункті жұмыс істейді.
Арман Оразалиев, облыстық полиция департаментінің бастығы:
Жыл басынан бері 300-ге жуық хабарлама түсті осы аудан бойынша. Ашылу пайызы - 88, бұл жақсы көрсеткіш деп айтуға болады. Мас күйде және қоғамдық орындарда жасалған қылмыс саны былтырғымен салыстырғанда, 30 %-ға төмендеді. Ал көшелерде жасалған қылмыс саны 7 %-ға түсті.
Бөлім қызметкерлері орталық көше, саябақтағы тәртіпті самокатпен жүріп те күзетеді. Ал квадрациклмен саяжай аумағындағы құқықбұзушылықты қадағалайды. Келешекте Казталов аудандық және Тайпақ полиция бөлімдерінің ғимараты жаңадан салынбақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы