Адам құқықтары жөніндегі комиссияның жұмысы күшейеді
Жаңа Ата заңның күшіне енуіне байналысты Адам құқықтары жөніндегі комиссияның жұмысы күшейіп, жауапкершілігі арта түспек. Бұл туралы консультативтік-кеңесші органның жаңарған құраммен өткен алғашқы басқосуында айтылды. Комиссияға 46 адам мүше болды. Оның 41 пайызы мемлекеттік орган басшылары болса, қалғаны үкіметтік емес ұйым өкілдері. Тәжірибелі мамандар жеті секцияға бөлініп, ел ішіндегі ең өзекті мәселелермен айналысады. Жақып Асановтың айтуынша, комиссия - халықтың құқығын қорғап, заңдарды жетілдіруге септігін тигізетін басты тетікке айналуы тиіс. Сондықтан алдағы уақытта өтетін әр жиын бір тақырыпқа, нақтырақ айтқанда қазақстандықтарды мазалаған проблемаға арналады. Оған үкіметтік емес ұйымнан арнайы баяндамашы бекітіледі. Ол барлық түйткілді мәселені зерттеп, комиссияға баяндайды.
Жақып Асанов, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы:
Жаңа Конституцияның жағдайында біздің комиссияның жұмысы қалай жаңаша болуы керек? Сол жаңа моделін талқыладық. Ең бастысы, бізге отырыстардың саны керек емес. Бізге ең маңыздысы – азаматтарымыздың өз құқықтары шынымен қорғалып жатқанын сезінуі. Сондықтан, осы бағытқа күш саламыз.
Досжан Әмір, ҚР Судьялар одағының төрағасы, комиссия мүшесі:
Ұйымдастыру мәселелеріне көп тоқталып жатырмыз. Ережелер, басқа да мәселелер жұмыстың кезіндегі мәселелер, қалай жұмыс істейтініміз бойынша жаңаша көзқараспен қарап жаңа жобаларды әзірлеп жатырмыз. Адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және жетілдіру мәселесі бойынша қандай заңдар қабылдауға болады? Қандай мәселелерді көтеруге болады? Осындай жұмыстармен айналысамыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы