Басты Жаңалықтар Астана медицина университетіне ұлттық мәртебе беріледі

Астана медицина университетіне ұлттық мәртебе беріледі

Астана медицина университеті Ұлттық жоғары оқу орны мәртебесіне ие болады. Сонымен қатар білім ордасына медицина ғылымының майталманы, академик Төрегелді Шармановтың есімі беріледі. Дәл осындай бастама көтерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Төрегелді Шармановтың жақындары алғысын білдірді. Жаңа статустың  жас дәрігерлерге қандай пайдасы бар? 

Алпыс жылдан астам тарихы бар Астана медицина университеті жаңа оқу жылын жаңа мәртебемен бастамақ. Енді оқу орны Ұлттық университет ретінде жұмыс істейді. Бұл өзгеріс халықаралық серіктестікті кеңейтіп, ғылыми жобалар мен академиялық ұтқырлыққа жол ашады. Ал академик Төрегелді Шармановтың есімінің берілуі болашақ дәрігерлер мен зерттеушілерге үлкен жауапкершілік жүктейді.

Хусейн Пашаев, студент:

Біздің университетке Төрегелді Шармановтың есімінің берілуі – үлкен мәртебе. Ол нутрициология ғылымының негізін қалаған, денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлес қосқан тұлға. Ендігі міндетіміз – осы атқа лайық болу. Ұлттық мәртебе алғаннан кейін шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыс орнатуға мүмкіндігі артады.

Төрегелді Шарманов – отандық медицина ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Әсіресе дұрыс тамақтану ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі ерен. Ол 1978 жылғы Алматы декларациясын әзірлеуге қатысып, алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі қағидатын әлемдік деңгейде орнықтыруға үлес қосты.  Ғалымның ұлының айтуынша, академик тіпті тоқырау жылдары халықаралық серіктестермен бірлесіп, елге йод пен темір қоспаларын жеткізуге бастамашы болған.

Алмаз Шарман, Профилактикалық медицина академиясының президенті:

Ең алдымен, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа алғысымды білдіремін. 2022 жылы әкеме «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді. Менің ойымша, бұл лайықты берілген марапат әрі ел Президентінің біздің отбасымызға деген ізгі ықыласының көрінісі.

Университет ұжымы жаңа мәртебені зор сенім әрі үлкен жауапкершілік деп қабылдайды.  Қазір оқу орнының даму стратегиясы жаңартылып жатыр.

Анар Тұрмұхамбетова, университет ректоры:

Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік. Алдағы жоспардың қатарында жаңа білім беру бағдарламаларын іске қосу, халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейту және медицина саласына жоғары білікті ғылыми кадрлар даярлау бар. Басты мақсат - заманауи технологиялар мен ғылымды біріктіретін орталыққа айналу.

Бүгінде  мұнда Қазақстанның ғана емес, шетелдің де жастары білім алып жүр. 11 мыңға жуық студент оқиды. Жыл сайын 3 мыңға жуық жас маман түлеп ұшады.  Енді ұлттық университет мәртебесі оқу орнының халықаралық бәсекеге қабілетін арттырып,  медицина ғылымының дамуына тың серпін бермек.


Бөлісу