Басты Жаңалықтар Ғалымдар егін шаруашылығында тың әдісті тәжірибеден өткізіп жатыр

Ғалымдар егін шаруашылығында тың әдісті тәжірибеден өткізіп жатыр

Қызылорда облысында Ыбырай Жахаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты егіс алқабында отандық су есептеу құрылғыларын сынақтан өткізіп жатыр. Ғалымдар су үнемдеу технологиясы арқылы дақылдардың шығымдылығын арттырған. Далалық жердегі жаңашылдықты тілшіміз Әділбек Серікұлы көріп келді.   

Әділбек Серікұлы, тілші:

Қарауылтөбе өндірістік шаруашылығында институт мамандары бірнеше алқапқа түрлі дақыл еккен. Басты ерекшелігі - мұнда суару жүйелері толық автоматтандырылған. Мына ақылды гидроқондырғы күн панелі арқылы іске қосылып, атыздарға қажетті су көлемін тамшысына дейін есептеп жібереді.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Яғни, бұрынғыдай көл-көсір су кетпейді. Ғалымдар әр дақылды зерттеп, ғылыми негізде күтіп-баптауда. Мұнан бөлек, басқа да су үнемдеу технологияларын қолданып жатыр.

Жанұзақ Байманов, Ы.Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ҒЗИ басқарма төрағасының орынбасары:

Тамшылатып суару технологиясы, майда жаңбырлату технологиясының маңыздылығын осылай көрсетіп жатырмыз. Біз осы кішкентай ғана аумаққа күріштің тамшылатып суару технологиясын да ұсынып отырмыз. Оның да өнімділігін шаруаларға көрсетіп, тиімді немесе басқа жағдай екенін өндіріске ұсынамыз.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Сондай-ақ институт ғалымдары егін шаруашылығын әртараптандыру бағытында күріштің ерте пісетін сорттарын сынақтан өткізіп жатыр. Және де суды аз қажет ететін мал азықтық дақылдардың тұқымдарын жетілдіру үстінде. Жергілікті жер сортаң келеді. Сондықтан «егіннің шығымдылығын арттыратын қоспалар мен дәрумендердің маңызы зор», - дейді мамандар.   

Әсет Тоқтамысов, Ы.Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ҒЗИ бөлім меңгерушісі:

Бұрын тұқымды өңдемей себе беретін. Қазір донниктің және судан шөбінің тұқымын фитобактерин, плантобактерин дейміз, міне, осы препараттармен өңдеп егу керек. Шығымын көрдіңіз ғой, тамаша. Өңделмеген жерде ол бойы қысқа, өнімі де төмен болып тұр.

Сырдария өзеніндегі су тапшылығы жағдайында егін шаруашылығын цифрландыру, саланы ғылыми тұрғыда жетілдіру уақыт талабы. Осы бағытта институт ғалымдары шаруалармен біріге отыра жаңашылдықтарға ден қоймақ.  


Бөлісу