Әлем жаңалықтарына шолу
Еуропада маусым ең ыстық ай ретінде тіркелді
Маусым Еуропа құрлығында ең ыстық ай ретінде тіркелді. Ғалымдар мұны климаттың өзгеруімен байланыстырып отыр. Бұған қоса мұхит суының жылынуы және Арктикадағы мұздықтардың еруі жаңа катаклизмдерге әкелуі мүмкін екенін ескертті. Еуропаның батыс бөлігіне аптап ыстық әдеттегіден ерте, яғни мамырдың соңында жетті. Әсіресе мұны Франция, Ұлыбритания мен Португалия тұрғындары сезінген.
Босқындар лагерінде лай көшкіні жүрді
Бангладеште үздіксіз жаңбыр жауып, лай көшті. Табиғи апаттан босқындар лагеріндегі 13 бала қаза тапқан. Лай көшкіні Рохинджа босқындары тұратын лагердегі балаларға арналған білім беру мекемесін басып қалған. Апта басында болған өзге бір лай көшкінінен 1,2 млн босқын тұратын лагерде 8 адам қаза тапқан еді. Метеорология қызметі алдағы күндері тағы жаңбыр жауатынын ескертіп, табиғи апатпен күреске дайын болуға үндеді.
Түркия президенті НАТО лидерлеріне ерекше сый тарту етті
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған
Анкарада өткен НАТО саммитіне қатысушыларға, оның ішінде Еуропа елдерінің
лидерлері мен ЕуроОдақ жетекшілеріне есімдері жазылған тапанша тарту етті. Қарудың
шын екенін растайтын патрондары да қоса берілген. Бұл дипломатиялық қадам арқылы
Ердоған Түркияның қорғаныс өнеркәсібінің қабілетін паш етуді көздесе керек. Ағаш
қорапқа салынған тапаншаларға Түркия туы мен НАТО логотипі бейнеленген.
Швейцарияда әлем лидерлерінің бейнесін көрсететін гуманоид робот таныстырылды
Швейцарияда жасанды интеллект тақырыбында өткен ғаламдық саммитте ерекше гуманоид робот көпшілік назарына ұсынылды. «Роберт» атты құлтемір әлем елдерінің көшбасшылары мен бизнес лидерлердің бейнесін сандық экран арқылы көрсетеді. Женевалық стартап құрастырған робот АҚШ президенті Дональд Трамп, Meta-ның басшысы Марк Цукерберг, АҚШ-тың экс-президенті Барак Обаманың жүзін көрсеткен.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы