Басты Жаңалықтар Алматыда 294 мыңдай оқушыға демалыс ұйымдастырылады

Алматыда 294 мыңдай оқушыға демалыс ұйымдастырылады

Алматыда биыл 294 мыңға жуық оқушы жазғы демалыс және сауықтыру бағдарламаларымен қамтылады. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады. Ал әлеуметтік осал санаттағы балалардың жазғы демалысына жергілікті бюджеттен 527 миллион теңге бөлінген. Мамандар соның нәтижесінде 2,5 мыңнан астам бала қала сыртындағы сауықтыру лагерлерінде тынығады, деп жоспарлап отыр. 

Табиғаты көркем Іле-Алатауының сұлу төрінде орналасқан «Тау Жаңашар» жазғы сауықтыру лагеріне жыл сайын 2100 бала келіп тынығады. Солардың бірі – Әрсен Мырзаханов. Ол мұнда оқушы кезінде жеті рет келіп демалған. Қазір тәлімгер болып жұмыс істейді. 

Әрсен Мырзаханов, тәлімгер:

Бұл лагерьдің 15 жылдан аса тарихы бар. Мен өзім бала болып демалғанмын. Біз бұл жерде балаларды достыққа, адалдыққа, сыйластыққа, құрметке тәрбиелейміз.

Ал 15 жастағы Ақжарқын Мұхтар лагерьдегі достық атмосфераны жоғары бағалайды.

Ақжарқын Мұхтар, оқушы:

Бұл жер өте таза, тамақтары өте дәмді. Және де тәрбиешілер бізге өте қамқор.

«Тау Жаңашар» лагерінде қазір 300 бала демалып жатыр. Әр ауысымда еліміздің барлық өңірінен 7–16 жас аралығындағы

оқушылар қабылданады. Мамандардың айтуынша, қала сыртындағы лагерь – жай ғана демалыс орны емес. Бұл - балалардың жаңа ортаға бейімделіп, өзара қарым-қатынас орнатуына, жауапкершілік пен топтық жұмысты меңгеруіне мүмкіндік беретін тәрбие алаңы.

Мира Құдабаева, «Тау Жаңашар» балалардың белсенді демалу орталығының директоры:

Үш ауысым бойы біз балалардың телефонын алдық, смартфондарынан айырдық. Бірақ сол уақытта іштей ренжіген баланы көрген жоқпыз.

Балалардың қауіпсіз әрі сапалы демалысын қамтамасыз етуде тәлімгерлердің даярлығы маңызды рөл атқарады. Сондықтан лагерьде мамандарды іріктеу бірнеше кезең бойынша жүргізіледі. Үміткерлер кәсіби және шығармашылық сынақтардан өткен соң екі апталық оқу курсында білімін жетілдіреді. Осы мақсатта орталық еліміздің бірқатар педагогикалық колледждері мен жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатқан.


Бөлісу