Басты Жаңалықтар Алматыда жастар жобаларына 5 млн теңгеге дейін қолдау көрсетіледі

Алматыда жастар жобаларына 5 млн теңгеге дейін қолдау көрсетіледі

Алматыда алғаш рет «Жастар қатысатын бюджет» жобасы іске қосылды. Енді жастар өз идеяларын ұсынып, оны жүзеге асыру үшін мемлекеттен 500 мың теңгеден бастап 5 миллион теңгеге дейін қаржылай қолдау алады. Бағдарламаға 18 бен 35 жас аралығындағы шаһар тұрғындарына қатысуға мүмкіндік бар. Өтінімдер 6 шілде мен 2 тамыз аралығында онлайн платформада қабылданады. Ал  3-6 тамызда жобалар техникалық және сараптамалық тексеруден өтеді. Іріктелген соң 7-16 тамыз аралығында онлайн дауыс беруге шығарылады. Жеңімпаздар комиссияның бағалауы мен халықтың дауыс беруі арқылы белгілі болады. 17 тамыз бен 15 қараша аралығында жеңімпаз жобалар анықталып, қаржы бөлінеді.

Әзиз Қажденбек, қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы:

Комиссияның қарастыру мақсаты – осы кезде қаржыландырып жатқан жобалардың қайталанбауын ғана қарайды. Сіз жоба тапсыру үшін қоғамдық ұйым немесе заңды тұлға болуыңыз керек емес. Үш адам топ жинап, сол үш адамның атынан жеке тұлғалар да жоба бере алады.

Жастардың қала өміріне араласуына жол ашқан бұл бастама Алматыда алғаш рет жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында шаһарды көркейтуге бағытталған экология, білім, мәдениет, спорт және цифрлық даму салаларындағы тың идеялар қолдау табады. 770 мыңға жуық жас тұратын  мегаполистің бұл тәжірибесі сәтті болса, еліміздің басқа аймақтарына да енгізілмек.


Бөлісу