Сырдария бойындағы егістік алқаптардың интерактивті картасы дайын болды
Сырдария өзенінің бойындағы егістік алқаптарға келешекте ғарыштық бақылау жүргізіледі. Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері пилоттық жобаны қолға алып, екі елде суармалы жерлердің онлайн интерактивті картасы әзірленіп жатыр. Бұл тың бастама трансшекаралық өзен суын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Сырдариядағы су көлемінің азаюы соңғы жылдары күрделі мәселеге айналды. Ғалымдар мұны жаһандық климаттың өзгеруімен байланыстырады. Ал трансшекаралық өзен бойындағы елдердің суға сұранысы арта түскен. Сондықтан Халықаралық Аралды құтқару қоры Сырдария бассейнін жерсеріктік картаға түсіру арқылы суды тиімді тұтынудың онлайн моделін ұсынып отыр. Әзірге бұл жоба Қазақстан мен Өзбекстанда пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр.
Серік Бекмағамбетов, Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы комитеті төрағасының орынбасары:
Егер біз бұл жобаны 2 жылдың ішінде жақсы тиімді пайдалансақ, нәтиже өте жақсы болса, біз басқа елдерге - Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан елдеріне ұсынамыз. Онда сол су бізге келеді. Біз оны сақтап, Аралға жіберсек, онда Аралымыз да толады.
Арал экологиясы бүгінде жаһандық мәселе. Халықаралық жобаны Франция мемлекеті қаржыландырып отыр. Су шаруашылығын зерттейтін ғылыми орталық мамандары егістік жерлердің онлайн интерактивті картасын ғаламтор желісіне орналастырып, оны ашық дереккөз арқылы бақылауға болады. Мұнан бөлек екі ел ескірген гидронысандарды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстарды бастап кетті.
Шавкат Кенжебаев, Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының мүшесі:
Қазіргі кезде суды теңдей үйлестіру өте маңызды мәселе. Ол үшін бұл жобаның маңызы зор. Егін шаруашылығын су көлеміне қарай есептеу қажет. Яғни, ғылыми тұрғыда, озық технологияларды пайдалануға көшуіміз керек. Өзбекстан тарапы қазір суармалы жерлерде каналдарды бетондау, автоматтандыруға үлкен көңіл бөлуде.
Халықаралық семинарда екі елдің су мамандары егістік алқаптарға су үнемдеу технологиясын кеңінен пайдалану бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Алдағы уақытта бұл тың бастама тарнсшекаралық өзен бойындағы өзге де мемлекеттерге ұсынылмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы