Басты Жаңалықтар Әлеуметтік желі қолданушылары пікір білдіріп жатыр

Әлеуметтік желі қолданушылары пікір білдіріп жатыр

Мемлекет басшысының Конституциялық сотқа жүгінуі – Конституцияны өз бетінше түсіндірудің алдын алуға бағытталған, құқық үстемдігінің конституциялық қағидатына сәйкес жасалған қисынды қадам. Әлеуметтік желі қолданушылары осындай пікір білдіріп жатыр. Тілшіміз Азамат Бейбітұлы бірқатар жазбаны шолып өтті.

Құқықтық тұрғыдан алғанда, билік құрылымын түбегейлі өзгертетін жаңа Конституцияның қабылдануы мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесін қалыптастырады. Бұл жағдайда бұрынғы мерзімдер автоматты түрде есепке алынбайды, өйткені олар басқа құқықтық жағдайда өтті. Қабылданған Конституция – ең жоғары нормативтік құқықтық акті. Онда белгіленген қағидалар күшіне енген сәттен бастап қолданылады.

Дәурен Сейітжанұлы:

Ата заңымыздағы кей нормаларға қатысты Президенттің Конституциялық Сотқа сұрау салуы - саяси тәуекелдің алдын алу қадамы секілді. Конституциядағы жекелеген баптарға нақты құқықтық түсіндірме берілді.

Қазбек Майгельдинов:

Биліктің ауысуына қатысты түрлі болжам елдің саяси ахуалына әсер етпей қоймайды. Мұндай жағдайда түрлі мүдделі топтар белсенді әрекетке көшеді. Сондықтан құқықтық нақтылық пен саяси тұрақтылық керек.

Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін мемлекет іс жүзінде жаңа қағидалар бойынша өмір сүре бастады. Жекелеген баптар ғана өзгермей, билік архитектурасының өзі жаңарып, өкілеттіктер қайта бөлініп жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары президенттің сұрағы мен конституциялық соттың түсіндірмесін де заңды әрі оң процесс деп бағалап отыр.

Ләззат Ахатова:

Референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енді. Дегенмен Ата заңымыздағы кей нормаларға қатысты мәселенің басы ашық күйінде қалып отыр. Президенттің Конституциялық Сотқа сұрау салуы да осыған байланысты. Өз кезегінде Конституциялық сот 1995 жылы қабылданған Конституция мен жаңа Ата заңымыз екі бөлек құқықтық жүйе екенін растады. Демек, бұрынғы Конституция кезіндегі өкілеттіктер жаңа Ата заң бойынша есепке алынбайды.

Конституциялық сот өз шешімінде бұрынғы Конституцияға сәйкес сайланған немесе тағайындалған лауазымды тұлғалардың қайтадан сайлануына немесе тағайындалуына болады деген қорытындыға келді. Бұл  «жаңа құқықтық кеңістік» доктринасының нақты іске асуының көрінісі.


Бөлісу