Басты Жаңалықтар Қостанайда кәсіп бастауға 200-ден астам қайтарымсыз грант беріледі

Қостанайда кәсіп бастауға 200-ден астам қайтарымсыз грант беріледі

Биыл Қостанай облысында кәсіп бастауға ниеттті әлеуметтік топқа жататын азаматтарға 200-ден астам қайтарымсыз грант беріледі. Мемлекеттік бағдарлама аясында тегін оқу курсынан өтіп, бизнес жоспар құруға да мүмкіндік бар.  Демеу қаржы кезең-кезеңімен беріліп жатыр. Бағдарламаның басты талаптары қандай?

Былтыр мемлекет тарапынан қайтарымсыз грантқа ие болғандардың бірі – Қостанай қаласының тұрғыны, Бақытбек Байғожин. 6 баланың әкесі  табысын еселеу үшін автокөлік жөндейтін орталық ашқан. Байқаудан ұтып алған 1 жарым млн теңге қаражатқа керек құрал-сайманын алып, кәсібін жандарды. Ендігі мақсаты – қызмет аясын кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашу.

Бақытбек Байғожин, кәсіпкер:

Сол керек заттың бәрін алдық. Бастағаннан кейін бұл істі әрі қарай дамыту керек. Ол үшін ең бастысы – өзіңнің гаражың болуы керек. Өйткені бұл жерді біз жалға алып отырмыз. Компьютерлік диагностика жасағымыз келеді. Салқындататын жүйе орнатумен айналысып жатырмыз. Егер мемлекет тарапынан тағы да грант беріліп жатса, дамытқымыз келеді.

Арман Көпжасаров, жұмысшы:

Осы салада мен 4 жылдан бері жұмыс істеймін. Клиенттер қыста жақсы болады. 10 клиенттей болады. Өзімнің 4 бала-шағам бар. Нәпақамызды осы жерден тауып отырмыз, күніне 5-10 мың теңге болса да, еңбек етіп, тауып отырмыз.

Өткен жылы өңірде 197 грант бөлініп, әр азаматқа 400 АЕК көлемінде демеуқаржы берілді. Бұл бағдарламаға көпбалалы отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, әлеуметтік топқа жататын азаматтар  қатыса алады. Биыл да 203 грант бөліну жоспарланып отыр, ал бірінші кезең нәтижесі бойынша 140 өтініш беруші қайтарымсыз қаржыға қол жеткізді.

Кеңескүл Байсекенова, «Мансап» орталығының маманы:

Мемлекеттік грант - бизнес жобасын жүзеге асыруға ниетті «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға өтеусіз, қайтарымсыз берілетін қаржы. Оған өтініш берудің өз тәртібі, ережесі бар. Жыл сайын ол араға 3 ай салып кемі екі кезеңде өткізіледі. Портал арқылы құжат тапсыру мерзімі әр кезеңде 10 күнге созылады.

Жыл соңына дейін грантқа ілігуге үмітті тағы 123 өтініш келіп түскен. Ал мемлекеттік қолдауға ие болған азаматтардың дені мал шаруашылығы, қызмет көрсету, жиһаз жасау саласында кәсіп ашқан. Оларға қойылатын басты талап – алған қаржыны мақсатына жұмсағанын құжат жүзінде дәлелдеуі тиіс. Олай болмаған жағдайда, қаражат мемлекетке қайтарылады.

Бөлісу